Еліміздің бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енуге ұмтылуы, Əлемдік Сауда Ұйымына енуі, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы отандық ауыл шаруашылығы саласы үшін үлкен жауапкершілік жүктейді. Ауыл шаруашылығы ел экономикасының негізгі салаларының бірі жəне қоғамның экономикалық жəне қоғамдық-саяси тұрақтылығын анықтайтын факторы болғандықтан аграрлық сектордың дамуы мемлекет үшiн стратегиялық жағынан аса маңызды.
  Нарықтық экономика жағдайында Қазақстан Республикасының əлеуметтік-экономикалық дамуын нығайту үдерісі өндірістің, əсіресе, ауыл шаруашылығының тиімділігін тұрақты əрі бекем арттыру үшін шаруашылық жүйенің тұрақты дамуын талап етеді. Ауыл шаруашылығы – Қазақстанның экономикасындағы негізгі саласы болғандықтан ішкі жалпы өнімнің 4,4%-ы осы салаға тиесілі.
  Негізгі табысы агросалаға тікелей байланысты жетісайлықтар жылды қорытындылап, «Түркістан облысының 2018-2025 жылдарға дамыту» бағдарламасына және үш жақты келісімге сәйкес Жетісай ауданының агроөнеркәсібін дамыту үздік шыққан шаруалар марапатталып, сый-құрмет көрсетілді.
   Аталмыш шараға Жетісай ауданының әкімі Мұрат Болатұлы мен аудандық мәслихат хатшысы Әлихан Утанов, қала, кент ауылдық округ әкімдері мен ауыл шаруашылығы саласында үздік танылған шаруалар, БАҚ өкілдері қатысты. Аудандағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көрмесі ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды.
   Жетісай ауданының ауыл шаруашылығы саласында 2021 жылдың 10 айында 86,7 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,3 млрд. теңгеге артқан. Нақты көлем индексі 2020 жылдың 10 айында 100,3 пайызды құраса, биыл 104,8 пайызға жетіп отыр.
Жыл басынан бері ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 2,8 млрд. теңгені құрап, 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,8 млрд. теңгеге артты.
Жетісай ауданы бойынша ауыл шаруашылығы жобаларын іске асыру үшін аудан шаруаларына қаржы ұйымдары арқылы 3,6 млрд. теңге несие беріліп, жаңадан 140 дана ауыл шаруашылығы техникалары шаруалар есебінен алынған.
  Сонымен қатар, ағымдағы жылы ауданда 78,5 мың га жерге орналастырылған ауыл шаруашылығы дақылдары 44 мың гектардан астамы мақта, 21 мың гектары бақша, 10,1 мың гектары мал азықтық өнімдер болса, 3 мың гектары көкөніс дақылдары.
  Бүгінде шаруалардың қажырлы еңбектерінің нәтижесінде 44 042 гектар алқаптан 114 мың тонна мақта терілді. Мақталықтың 85%-ы, яғни, 37 691 гектары машиналық әдіспен болса, 6 351 гектары қол терімі. Биылғы мақта бағасының 320-330 теңгеге дейін жетуі дихандардың төккен терінің жемісі болды.
Одан бөлек, 651,5 мың тонна бақша, 30,7 мың тонна дәнді дақылдар, 85,6 мың тонна көкөніс пен картоп жиналды.
   Айта кетейік, биылғы жылы ауданда 5 гектар жерге жылыжай салынып, жалпы көлемі 23,2 гектарды құрады. Бұл жылыжайларда ерте егілетін көкөністердің көшеттерінен бастап қызанақ, қияр, болгар бұрышы дақылдарынан жалпы 3500 тонна өнім өндірілді. Ал, 400 гектарға жуық тамшылатып суару жүйесінің қарқынды бау көлемі 255 гектар.
Ауданда 1 жерден 2-3 өнім алу жобасын іске асыру мақсатында биылғы жылы 361 шаруа қожалық иелері 854 гектар жерге бірінші өнімге қырыққабат дақылын егіп, екінші өнімге бақша, дәндік жүгері, мақта, асқабақ, сәбіз, маш дақылдарын егіп, ойдағыдай өнім жиналды.
Егістік жерлердің мелторативтік жағдайын жақсарту мақсатында биылғы жылы облыстық бюджет есебінен Мақталы, Қызылқұм, Жылысу, Қазыбек би, Атамекен, Ш.Ділдабеков, Жаңа ауыл, Қарақай ауылдық округтеріндегі 241,3 шақырымды құрайтын 121 дана су қашыртқыларына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде.
  «Қазсушар» РМК Жетісай өндірістік бөлімшесі тарапынан 33 ағын су жүйесінің 95,7 шақырымды құрайтын К-21, К-34, К-26, К-25 каналының тармақтары мен К-23, К-27, К-30-24, КМО-1 каналдары механикалық тазалаудан өткізілді.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы министрлігі мамандары мен облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының көршілес елдермен жүргізген келіссөздерінің нәтижесінде аудан дихандары биылғы жылғы қуаңшылыққа қарамай егістік алқаптарына қажетті мөлшердегі 663 млн текше метр ағын суды уақытылы алды.
Жалпы шаруалардың мол өнім алуына себеп болатын факторлардың бірі – мемлекет тарапынан берілетін жәрдем. 2021 жылы «Qoldau.kz» сайты арқылы мемлекеттік жәрдемдерді алды. Жеңілдетілген бағамен 13 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыштар алынса, көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізуге бөлінген 9100 тонна жанар-жағар май ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне толық таратылды.
Ауданда биылғы жылдың 10 айында ірі қара мал 53,4 мың басты, қой-ешкі 183 мың басты, жылқы 10,8 мың басты, түйе 0,5 мың басты, құс 71,7 мың басты құраса, ет 7,6 мың тонна ет пен 45 мың тонна сүт, 7,9 млн. дана жұмыртқа өндірілген.
  Аудан шаруалары арық-атыздар бойындағы және егістік жерлерден тиісті мөлшерде мал азығына қажетті мөлшерде шөп пен сабан дайындап, қысқы дайындықтарын жоспарға сай жүргізген.
Аудандағы көптеген кәсіпкерлер шағын мал бордақылау алаңдарын ашуға бет бұрып, аталмыш кәсіппен айналысатын азаматтардың саны 152-ге жетіп отыр.
   Облыста 2021 жылдың 24 қарашасында өткен «ALTYN KUZ 2021» мерекелік іс-шарасында Жетісай ауданы Бақша өндіруден, Егін шаруашылығы өнімдерін экспорттаудан және Ауыл шаруашылығы жобаларын несиелендіруден озат аудан номинациясы бойынша марапатталды.
Салтанатты шара соңы аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.
                                                                                                                        Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
ЖЕМІСТІ ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫЛАНЫП, АГРОСЕКТОР ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған