Мақтаарал ауданында «Мақтаарал» газетінің 90 жылдық мерейтойы аталып өтті. 1931 жылдан бастап халық пен биліктің арасында алтын көпір бола білген газетті шығаруға қазақ әдебиетінің классигі, халықтың дүлдүл ақыны Ілияс Жансүгіровтің өзі атсалысқан.
Ауданның мәдениет үйінде өткен салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Бақыт Асанов өңірдің экономикасы мен мәдениетін, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын, күнделікті тұрмыс-тіршілігін тарихтың жылнамасына айналдыра алған газеттің мерейтойы – бүкіл ауданның мерейтойы екенін атап өтті.
   «Елдікті асыл мұраты еткен «Мақтаарал» газеті бүгінде Тәуелсіз мемлекетіміздің сара саясатын мақталы өңірге кеңінен түсіндіріп, халық пен билік арасын байланыстыратын алтын көпірге айналған. Ұлтымыздың тілін, дінін, ділін, елімізді мекендеген түрлі ұлт өкілдерінің және еңбексүйгіш аудан халқының тыныс-тіршілігін жан-жақты баяндап, жақсылықтың, жаңалықтың жаршысы болып жүр. Аудандық газет журналистері әрдайым халықтың мұңын жоқтап, проблемасын қозғап, әділет іздеген жандарға араша түсіп келеді. Баршаңызды мерейлі мерекеңізбен құттықтай отырып, Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ өмір, баянды бақыт, отбасыларыңызға амандық, құт-береке тілеймін» – деді Бақыт Насырханұлы.
    Ізгі тілегінен соң аудан басшысы «Мақтаарал» газетінің бас редакторы Сәбит Қалдыбаевқа Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған мерекелік төсбелгіні тақты.
   Тәуелсіздіктің торқалы тойымен тұспа-тұс келіп отырға газеттің мерейтойына осы 90 жыл аралығында еңбек етіп, газеттің дамуына атсалысқан барша қаламы қарымды журналистер мен олардың туыстары, тұрақты авторлар мен белсенді оқырмандар, Мақтаарал, Жетісай, Шардара ауданының журналистері мен облыс орталығы Түркістан қаласынан келген арнайы өкілдер қатысты.
    Іс-шара барысында газеттің мерейтойына арналып шығарылған «Сырға толы – 90 жыл» атты журналдың тұсауы кесіліп, қалың оқырманға таратылды. Сонымен қатар, ақындар мүшәйрасы мен фото сайыстың қорытындысы жарияланып, жүлдегерлер арнайы дипломмен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Газеттің дамуына атсалысқан барлық азаматтарға аудан әкімінің алғыс хаты беріліп, мерейтойға арналған арнайы сый-сияпаттары табысталды.
«МАҚТААРАЛ» ГАЗЕТІНІҢ 90 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ АТАЛЫП ӨТТІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған