Қазақ халқының салт-дәстүрі – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұра, ұлттық тәрбиенің қайнар көзі. Ата-бабамыздан аманат болып жеткен дәстүрлеріміз халқымыздың болмысын, дүниетанымын, әдет-ғұрпы мен рухани құндылықтарын айқындайды. Сондықтан ұлттық мұраны дәріптеу, балалардың бойына қазақы тәрбие мен ұлттық құндылықтарды сіңіру – балабақша тәрбиесінің маңызды бағыттарының бірі.

«Гаухар-Раяна» балабақшасында бүлдіршіндерге ұлттық тәрбие беру, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын таныстыру бағытында түрлі тәрбиелік жұмыстар жүргізіледі. Балаларға халқымыздың ұлттық киімдері, ұлттық ойындары, тұрмыстық бұйымдары мен жөн-жоралғылары туралы түсінік беріліп, олардың ұлттық мұраға деген қызығушылығы арттырылады.

Әсіресе, бесікке салу, тұсаукесер, шілдехана, бата беру сияқты дәстүрлердің тәрбиелік мәнін түсіндіру арқылы бүлдіршіндер үлкенді құрметтеуге, кішіге ізет көрсетуге, үлкендердің батасын алуға және ата-ананы сыйлауға үйренеді. Сонымен қатар ұлттық ойындар ойнатылып, мақал-мәтелдер жаттатылып, халық әндері мен күйлері таныстырылады. Мұндай жұмыстар балалардың тіл байлығын дамытып, ой-өрісін кеңейтуге және ұлттық сана-сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.

Ұлттық тәрбие – баланың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіріп, туған халқына деген сүйіспеншілігін арттыратын маңызды құрал. Өзінің салт-дәстүрін біліп өскен бала елін, жерін қадірлеп, ата-баба мұрасын құрметтеуге ұмтылады.

Біздің мақсатымыз – ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, үлкенді сыйлайтын, кішіге қамқор болатын, елін сүйетін саналы ұрпақ тәрбиелеу. Өйткені салт-дәстүрін сақтаған халықтың рухы биік, болашағы жарқын.

Салт-дәстүріміз – сарқылмас қазынамыз, ұлттық мұрамыз – мақтанышымыз!

«Гаухар-Раяна» балабақша ұжымы.

САЛТ-ДӘСТҮРІМ – МАҚТАНЫШЫМ!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *