Бастауыш сыныпта оқушылардың сауатын ашу, әріп танытып, дұрыс оқуға және жазуға үйрету – үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды кезең. Осы мақсатта Н. Исмайлов атындағы №45 жалпы білім беретін мектептің 1 «А» сыныбында «Мм» дыбысы мен әрпі тақырыбында ашық сабақ өткіздім.

Сабақтың басты мақсаты – оқушыларға М дыбысы мен әрпін таныстыру, оның айтылу ерекшелігін меңгерту, сөз ішіндегі орнын анықтауға үйрету. Сонымен қатар балалардың сөздік қорын молайтып, оқу, жазу, ойлау және сөйлеу дағдыларын дамытуға басымдық бердім.

Сабақ барысында оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі әдіс-тәсілдер мен қызықты тапсырмаларды қолдандым. Алдымен жаңа тақырыпты түсіндіріп, М дыбысының дауыссыз дыбыс екенін таныстырдым. Оқушыларға дыбыстың сөздің басында, ортасында және соңында кездесетінін мысалдар арқылы көрсеттім.
Одан әрі балалармен бірге суреттерге қарап, М дыбысы кездесетін сөздерді анықтадық. Сөздерді буынға бөліп, дыбыстық талдау жасадық. Әріптерден сөз құрау, буындап оқу, сөйлем құрастыру сияқты тапсырмалар орындалды.
Сабақтың қызықты өтуіне ойын әдістері де өз септігін тигізді. Оқушылар берілген тапсырмаларды қызығушылықпен орындап, сұрақтарға белсенді жауап берді. Әр баланың сабаққа қатысуына мүмкіндік жасап, олардың өз ойын еркін жеткізуіне жағдай туғызуға тырыстым.
Сабақ барысында оқушылардың білімін тексеріп қана қоймай, олардың әрбір жетістігін атап өтіп, ынталандыруға мән бердім. Өйткені бірінші сынып оқушылары үшін жылы қарым-қатынас пен қолдау олардың оқуға деген ынтасын арттыруда ерекше рөл атқарады.
Ашық сабақ соңында оқушылар М дыбысы мен әрпін танып, оны сөз ішінен ажыратуды, буынға бөліп оқуды және жаңа сөздер құрастыруды меңгергендерін көрсетті.
Менің басты мақсатым – әр баланың бойындағы қабілетті ашып, білімге деген қызығушылығын ояту. Себебі сауат ашу – баланың болашақ білімінің берік іргетасы. Осындай ізденіске толы сабақтар арқылы оқушылардың білімге құштарлығын арттырып, олардың әрбір жетістігіне жол ашу – ұстаздық қызметімдегі басты міндеттерімнің бірі.
Бибосынова Гүлмира Айтуғанқызы,
Н. Исмайлов атындағы №45 жалпы білім беретін
мектептің бастауыш сынып мұғалімі.
