№32 мектепте ардагер ұстаздармен сыр-сұхбат кеші өтті

Ұстаздың өнегелі жолы мен мектеп тарихы – жас ұрпаққа тағылым беретін қымбат қазына. 2026 жылғы 1 қазанда, Мұғалімдер күні қарсаңында Ш. Құдайбердиев атындағы №32 жалпы білім беретін мектепте «Екі ұстаз, екі дәуір, бір мектеп» атты ардагер ұстаздармен сыр-сұхбат кеші өтті. Кездесуді 8 «Ә» және 5 «В» сынып оқушылары ұйымдастырды.

Мектеп табалдырығын аттаған қонақтар – ардагер ұстаздар Пернебаева Бақтыгүл мен Исакова Гүлзада – гүл шоқтарымен қарсы алынды. Кештің алғашқы сәтінен-ақ жылы әрі еркін әңгімеге жағдай жасалды. Экраннан көрсетілген фотосуреттер өткен күндерді еске түсіріп, оқушыларды мектеп өмірінің әр кезеңімен таныстырды.

«Бір сурет, бір дәуір» бөлімінде ұстаздар фотосуреттерге қарап, мектептегі есте қалған сәттерін әңгімеледі. Оқушылар бұрынғы мектеп өмірі мен бүгінгі білім ордасының тынысын салыстырып, заман өзгерсе де, ұстаз бен шәкірт арасындағы сыйластықтың мәні сақталатынын байқады. Бұл бөлім жас буынның мектеп тарихына қызығушылығын арттырды.

Кештің «Екі ұстазға жеті сұрақ» атты сұхбат бөлімінде қонақтар мамандық таңдауы, алғашқы сабақтары, шәкірттермен байланысты қызықты оқиғалары және ұстаздық жолда түйген тәжірибесі туралы ой бөлісті. Оқушылар мұғалім болу білім берумен ғана шектелмейтінін, бұл мамандық үлкен жауапкершілікті, шыдамдылықты және әр балаға ықыласпен қарауды қажет ететінін түсінді.

Кездесуге ойын мен шығармашылық та көрік берді. «Құпия сөз» ойынында қатысушылар мектепке қатысты ұғымдарды белгілер арқылы тапты. Ал «Көңілді ән шашу» кезінде оқушылар мен ұстаздар ортақ әуенге қосылып, көтеріңкі көңіл күйді бөлісті. «Уақыт чемоданынан» шыққан қызыл қалам, бор, қоңырау мен дәптер ардагер ұстаздардың мектеп жылдарындағы естеліктеріне жол ашты. Қарапайым заттардың өзі оқушыларға өткен кезеңнің тынысын сезіндірді.

«Оқушылар микрофоны» бөлімінде балалар қонақтарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Ашық әңгіме барысында олар мектеп өмірі, оқушының жауапкершілігі, білімге ұмтылу және ұстазбен сыйластықта болу туралы пайдалы кеңестер тыңдады. Әңгіме оқушыларға өмірлік тәжірибені тікелей ардагер ұстаздардың өз аузынан естуге мүмкіндік берді.

Кеш соңында ұйымдастырушылар қонақтарға алғыс айтып, гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыстады. Ортақ суретке түскен қатысушылар кездесуді жылы лебізбен аяқтады. Осындай жүздесулер жас ұрпаққа ұстаз еңбегін бағалауды, үлкенді құрметтеуді және туған мектебінің дәстүрін қадірлеуді үйретеді. «Екі ұстаз, екі дәуір, бір мектеп» кеші де оқушылардың жүрегінде із қалдырып, ұстазға деген құрметтің ұрпақтан ұрпаққа жалғасатынын көрсетті.

 М.БАИРБЕКОВА, Д..ДАУРЕНБЕКОВА.

Ш. Құдайбердиеватындағы №32 ЖББМ

 8 «Ә» және 5 «В» сыныптары және жетекшілері.

ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ

Добавить комментарий