МЕНІҢ АЛҒАШҚЫ ҰСТАЗЫМ!

Сапарқұлова Захира Ергешқызы – жүрегімде мәңгі сақталған алғашқы мұғалімім.

Мектеп табалдырығын алғаш аттағаныма қырық алты жыл уақыт өтіпті. Уақыт жылжып, талай белесті артқа қалдырсам да, балалық шағымдағы ең ыстық естеліктердің бірі – мектепке алғаш барған күнім.

Қолыма гүл ұстап, оны ерекше толқыныспен алғашқы ұстазыма ұсынған сәтім әлі күнге дейін көз алдымда. Мені жүзі мейірімге толы, өзі жап-жас әрі сұлу Захира Ергешқызы қарсы алды. Сол күннен бастап ұстазымның бейнесі жүрегімде ерекше орын алды.

Мұғалімімнің қолыма алғаш рет қалам ұстатып, өз қолымен жетелеп жазу жаздырғаны есімде. Ол кезде оның әрбір әрекеті маған таңғажайып көрінетін. Сөйлеген сөзіне, жүріс-тұрысына, күлкісіне, киім киісіне дейін қызығып, өзім де сондай болғым келетін.

Ұстазымның сабақты шебер ұйымдастыруы, балаға деген жылы қарым-қатынасы мені ерекше әсерге бөледі. Бүгін педагогикалық тұрғыдан қарасам, сол кезде менің бойымда мұғалім тұлғасына еліктеу, кәсіби бағдарлану, оқу мотивациясының алғашқы негіздері қалыптасқан екен.

Сол балалық арманым уақыт өте келе өмірлік мақсатыма айналды.

«Мен де бастауыш сынып мұғалімі боламын»  деген арманмен осы мамандықты таңдадым.

Бүгінде ұстаздық жолда жүргеніме отыз жыл болды. Осы уақыт ішінде қаншама баланың қолына алғаш рет қалам ұстатып, әріп танытып, білім әлеміне жетеледім. Әр шәкіртіме сабақ бере отырып, өзімнің алғашқы мұғалімімді еске аламын.

Себебі менің ұстаздық жолымның бастауында – Захира Ергешқызы тұр.

Ол кісі маған тек білімнің алғашқы әліппесін үйретіп қойған жоқ. Өзінің тұлғалық болмысымен ұстаздықтың мәнін, бала жүрегіне жол табудың маңызын көрсетті.

Қырық алты жыл бұрынғы кішкентай қыздың қолындағы гүл мен бүгінгі отыз жылдық еңбек жолы – бір-бірімен сабақтасып жатқан өмір белестері.

Мен алғашқы ұстазымнан алған сол жылылықты, мейірімділікті, білімге деген сүйіспеншілікті өз шәкірттеріме жеткізуге тырысып келемін.

Құрметті Захира Ергешқызы!

Сіз менің балалық шағымның ең жарық естелігі ғана емес, кәсіби жолыма бағыт берген жансыз. Сіз жаққан ұстаздық шырақ менің жүрегімде әлі де сөнген жоқ. Сол жарықпен мен бүгінгі шәкірттеріме жол көрсетіп келемін.

Менің алғашқы ұстазым – алғашқы арманымның бастауы.

Ал сол арманның отыз жылдық ғұмырға айналуы – Сіздің еңбегіңіздің жүрегімдегі жалғасы.

Ардақты ұстазым!

Сізге деген алғысым мен құрметім шексіз. Бала жүрегіне білімнің алғашқы дәнін сеуіп, өмір жолымызға бағыт-бағдар бергеніңіз үшін мың алғыс!


Култаева Клара Сапаровна
Астана қаласы
Есіл ауданы
№103 жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі

МЕНІҢ АЛҒАШҚЫ ҰСТАЗЫМ!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *