Биыл Түркістан облысында аудан, қала әкімдерінің есептері ерекше форматта өтіп жатыр. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан басшыларын қабылдап, атқарған жұмыстарын саралайды. Кемшіліктер айтылып, шешу жолдары ұсынылуда. Анықталған мәселелер бойынша өңір басшысы аудан, қалаларға жұмыс сапарымен барып, елмен кездесіп, түйткілдерді тарқатады. Бүгін Мақтаарал ауданының даму қарқыны, өзекті мәселелері талқыланды
Облыс басшысы өткен жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіштері кеміген медициналық және әлеуметтік салалардағы қиындықтарды шешуге күш салуды қадап айтты. Су үнемдеу технологияларын, жылыжайларды көбейтіп, тұрақты жұмыс орындарын арттыру үшін ауыл шаруашылығы саласын дамытып, халықты тартуды тапсырды. Өмірзақ Шөкеев ауданда кейбір индикаторларды орындау бойынша жұмысты күшейтуді міндеттеп, халықпен тығыз байланыста қызмет атқарудың жолын айтты.
Әр ауылдың әкімі тұрғындардың әлеуметтік жағдайын толық білулері тиіс. Қанша жұмыссыз адам бар екенін анықтап, олармен сөйлесу керек. Бәлкім, істің орайын таппай жүрген шығар. Не керек екенін сұрап, ауыл шаруашылығы техникасын, құрылғысын тауып берген жөн. Ауыл шаруашылығы арқылы мыңдаған адамды жұмыспен қамтуға болады. Әр ауылды жеке қадағалап, жұмыс орнын ашуға күш салыңыз, – деді Ө.Шөкеев.
Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың айтуынша, 2021 жылы Мақтаарал ауданында жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 65 млрд. теңгеден асқан. Оның ішінде, өсімдік шаруашылығы өнімі 50 млрд. теңгеден асса, мал шаруашылығы
14 млрд. теңге. Нәтижесінде, нақты көлем индексі бойынша облыс көлемінде аудан 2 орынға ие болған. Аудан бойынша 93 мың тоннаға жуық мақта жиналып, орташа өнімділік 26,5 центнерді құрады.
Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 мыңнан асады. Былтыр шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен 41,3 млрд. теңге өнім шығарылса, өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі 358 пайызға орындалды. Үш инвестициялық жоба іске қосылып, құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 10 млрд. теңгеге жуықтаған. 65 мың шаршы метр тұрғын үй берілген. Облыс әкімінің «Қамқорлық» бағдарламасы аясында өмірлік қиын жағдайға тап болған 36 отбасының тізімі белгіленіп, 5,4 млн. теңгенің көмегі көрсетілген. Жүйелі көмек арқылы 15 отбасы кедейшілік шегінен шығып, жағдайлары жақсарған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
МАҚТААРАЛДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУГЕ КҮШ САЛУДЫ ТАПСЫРДЫ