Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов иісі мұсылманның Жыл басы саналатын Наурыз мерекесін жоғары деңгейде атап өту мақсатында арнайы 10 күндік іс-шара жоспары бекітіп, жер-жерлерде кеңінен жүзеге асырылып жатыр. Сондай шаралардың бірі – «Игі істер күні».
Мақтаарал аудандық мәслихатының депутаттары Мұхтар Әжіқабылов пен Сүндет Кенжебаев ауданның ерікті жастарымен бірге «Игі істер күні» аясында аудандағы әлеуметтік қолдауды қажет ететін аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларға қайырымдылық көрсетті.
Жергілікті мешіттер мен ауыл ақсақалдарының, ауыл билерінің ұсынысымен жасалған тізім негізінде әрбір отбасыларға ұн, май, күріш пен шай, түрлі тәттілер мен бірнеше түрлі макарон өнімдері, күнделікті тұтынуға арналған гигиеналық заттар үлестірілді. Ал, ерікті жастар өз кезегінде көмекке мұқтаж жандардың үйлерінде тазалық жұмыстарын жүргізіп, қолғабыс жасады.
«Біздің мақсатымыз – бергенімізді жұртқа жария етіп, мақтану немесе біреуге жақсы көріну емес, елдегі көмекке шын мұқтаж жандарға сәл де болса қуаныш сыйлау, мейірім беру. Осы әрекетіміз арқылы өзге де қалталы, кәсіпкер азаматтарды қайырымдылық жасауға шақыру. Біз қазақ қашанда жетімі мен жесірін жылатпаған, сүрінгеннің қолтығынан демеп, қолдау көрсеткен халықпыз. Осы бір атамыздың қанымен бойымызға сіңген қасиетімізді жоғалтып алмасақ дейміз» дейді Мұхтар Дүйсебайұлы.
Халық қалаулылары мен ауданның ерікті жастары мұндай игі істерін тек даталы күндерде ғана емес, жыл бойына жалғастыруға ниетті.
ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ЖАСТАРМЕН БІРГЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАДЫ