Наурыз – жер бетіндегі тіршілік атаулының ұйқысынан ұянып, күн мен түннің теңесетін, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін сәті. Бұл – бір-бірімен реншісіп, араздасқан ағайынның төс қағыстырып, татуласатын күні. Ауыл ақсақалдары мен ел аналарының болашақтан жақсылық тілеп, дұға қылатын күні.
  Міне, атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеген Мақтаарал аграрлық колледжінің ұжымы иісі мұсылманның Жаңа жыл мерекесі – Наурыз тойын жоғары дәрежеле атап өту мақсатында салтанатты шара ұйымдастырды. Оған Мақтаарал аудандық мәслихатының депутаты, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Сүндет Кенжебаев пен зиялы қауым өкілдері, ардагер ұстаздар қатысты.
  Жаһандық пандемияға байланысты карантиндік режимді сақтай отырып өткізілген шара ұлтымыздық ұмыт болып бара жатқан дәстүрлерін қайта жаңғыртты. Оқу орнының ұстаздары «Тұсау кесер» рәсімін өткізіп, өскелең ұрпаққа өнегелі іс көрсетті. Қадамын тәй-тәй басқан бүлдіршіннің болашағының жарқын болуын тілеген ел ағалары ақ баталарын берісті.
  Сонан соң, аграрлық колледж ұжымының ұйымдастыруымен қолданыстан шығып, ұмыт болып бара жатқан «ЖОЛТЕРЕК» дәстүрін көпшілік назарына ұсынды.
    ЖОЛТЕРЕК – мифологиялық мазмұн болғанымен ежелгі прототүркілік сенім бойынша дүние 3 қабаттан тұратын әлемдерден құралған: жерасты, жер беті және аспан; бұларды байланыстыратын – Бәйтерек немесе Йол – жолтерек. Басты мерекелерде осы Жолтерек арқылы түркілер игі тілегін, арман-аңсарын Көкке жөнелткен екен. Түркітанушылар қазіргі жаңа жылдағы йолдың төркіні осы деген пікірде.
   Басына Көк күмбезі ретінде көгілдір шаңырақ орнатып, күмбездің астын ала әшекей баулармен әшекейлеген ұстаздар бақанды оқу орнының ауласына орнатты. Жақсылық пен ізгіліктің, молшылық пен бейбітшіліктің, мамыражай заманның орнауын тілеп, дұға жасады.
Салтанатты шара соңында ел ағалары колледж ауласына көшеттер отырғызды. Бір-бірімен төс қағыстырып, жақсы тілектерін тіледі.
КОЛЛЕДЖ ҰЖЫМЫ ҰМЫТ БОЛА БАСТАҒАН ДӘСТҮРЛЕРДІ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТТЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.