2026 жылғы 22 мамыр күні Түркістан облысы Жетісай ауданы Асықата кентінде орналасқан «Наурыз» бөбекжай-бақшасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында «Цифрлық тәрбиеден – саналы ұрпаққа: «Ассистент ата-ана» жобасының рөлі» тақырыбында облыстық тәжірибелік семинар жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті.

Семинарға Түркістан облысы Білім басқармасының білім беруді дамыту орталығының бөлім меңгерушісі Кеутаева Зәбира Сарсенбаевна, әдіскері Кульбаева Гульмира Абдуатовна және Жетісай ауданынының білім бөлімінің әдістемелік кабинет әдіскері Нуралиева Айгуль Абдрахмановна, аудандық мобильді топ мүшелері, аудандық балабақша меңгерушілері, педагог мамандары, облыстық және қалалық әдістемелік орталықтардың әдіскерлері, мектепке дейінгі ұйымдардың меңгерушілері, әдіскерлері, тәрбиешілері, педагогтері, жобамен жұмыс жасаушы ассистент ата-аналар қатысты.

Семинардың негізгі мақсаты – мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын арттыруда отбасы мен балабақша арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру, ата-ананы білім беру процесінің белсенді серіктесі ретінде қалыптастыру, «Ассистент ата-ана» жобасының тиімді тәжірибесін облыс көлемінде тарату болды.

Семинар бағдарламасы мазмұнды әрі тәжірибеге бағытталған форматта ұйымдастырылды. Қонақтар алдымен балабақшадағы әдістемелік және шығармашылық көрмемен танысып, тәрбиеленушілердің зерттеу жұмыстары, ұлттық құндылықтарға негізделген қолөнер бұйымдары, цифрлық технологияларды пайдалану үлгілері және ата-аналар мен бірлескен жобаларды тамашалады. Бұл көрме ұйымның білім беру үдерісінде заманауи технологиялар мен ұлттық тәрбиені үйлестіре білген жүйелі жұмысын айқын көрсетті.
Семинардың ашылуында ұйымдастырушылар қатысушыларға жылы лебіздерін білдіріп, тәжірибелік семинардың мақсаты мен міндеттеріне тоқталды. Өз сөзінде жауапты мамандар бүгінгі мектепке дейінгі тәрбие жүйесінде отбасы мен балабақша серіктестігінің маңызына ерекше назар аударып, цифрлық қоғам жағдайында баланы тәрбиелеудегі педагог пен ата-ананың ортақ жауапкершілігін атап өтті. Сонымен бірге баланың тұлғалық дамуы, цифрлық қауіпсіздік, жасанды интеллект құралдарын орынды пайдалану және ұлттық құндылықтарды сақтай отырып тәрбиелеу мәселелері кеңінен қозғалды.
Семинардың тәжірибелік бөлімінде «Ассистент ата-ана» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан бірқатар тың жұмыстар ұсынылды. «Әкелер мектебі», «Аналар мектебі», «Әжелер мектебі» жобалары бойынша өткізілген зерттеу, шығармашылық және ұлттық тәрбиеге бағытталған ұйымдастырылған іс-әрекеттер қатысушылардың жоғары бағасына ие болды.
«Өнертапқыштыққа алғашқы қадам», «Бала шақтан цифрлы дәуірге қарай баспалдақ», «Әже өнерімен – жаңа заман айнасына бағыт» тақырыптарындағы жұмыстар арқылы балалардың зерттеушілік қабілеті, шығармашылық ойлауы, логикалық пайымдауы, ұсақ моторикасы, инженерлік дағдылары мен ұлттық мәдениетке деген қызығушылығы дамытылатыны нақты тәжірибемен дәлелденді. Ең бастысы – ата-ана мен бала арасындағы сенім, өзара қарым-қатынас және бірлескен әрекет арқылы тәрбиенің нәтижелілігі арта түсетіні көрсетілді.
Семинар барысында ұйымдастырылған концерттік бағдарлама да қатысушылардың ерекше ықыласына бөленді. «Бақытты балалық шақ әуені» атты музыкалық қойылымда балалардың өнері, шығармашылығы, сахна мәдениеті мен патриоттық тәрбиесі көрініс тауып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Тәжірибелік бөлімнің келесі кезеңінде ассистент ата-аналардың тікелей қатысуымен өткізілген ұйымдастырылған іс-әрекеттер семинардың ең маңызды ерекшеліктерінің бірі болды. «Еңбек бәрін үйретеді», «Табиғат сыры», Киіз үйді безендірейік», «Ойын әлеміндегі ойлау», «Ойын – ақыл кілті» атты ұйымдастырылған іс- әрекеттерінде ата-аналартәрбиешілермен бірлесіп жұмыс жүргізіп, балалардың танымдық белсенділігі, логикалық ойлауы, сөйлеу мәдениеті, коммуникативтік дағдылары мен шығармашылық қабілеттерін дамытудағы өз үлестерін көрсетті.
Бұл тәжірибе ата-ананың тек бақылаушы емес, баланың тәрбиесі мен дамуына тікелей ықпал ететін толыққанды білім беру үдерісінің серіктесі екендігін нақты дәлелдеді.
«Ассистент ата-ана» жобасының басты ерекшелігі – отбасы мен балабақша арасындағы байланысты жаңа мазмұнмен толықтырып, ата-ананы тәрбиелік және білім беру жұмысының белсенді қатысушысына айналдыруында. Жоба аясында әкелер, аналар және әжелер мектептерінің жұмысын жүйелі ұйымдастыру арқылы ұлттық тәрбие, цифрлық сауаттылық, шығармашылық ізденіс пен тәжірибелік әрекет бір арнаға тоғыстырылған.
Облыстық тәжірибелік семинар өз мақсатына толық жетті деуге толық негіз бар.Қатысушыларұсынылған тәжірибенің өзектілігін, практикалық құндылығын жоғары бағалап, «Ассистент ата-ана» жобасын өңірдегі мектепке дейінгі ұйымдарға кеңінен енгізудің маңыздылығын атап өтті.
«Наурыз» бөбекжай-бақшасының бұл игі бастамасы мектепке дейінгі білім беру жүйесінде ата-ана, педагог және баланың бірлескен әрекеті арқылы тәрбиенің сапасын арттырудың тиімді үлгісіне айналды. Ұжымның шығармашылық ізденісі, жаңашыл көзқарасы мен жүйелі жұмысы өңір педагогтеріне тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп, облыс көлемінде озық тәжірибені таратуға елеулі үлес қосты.
«Цифрлық тәрбиеден – саналы ұрпаққа» ұстанымын басшылыққа алған «Наурыз» бөбекжай-бақшасының бұл тәжірибесі – бүгінгі мектепке дейінгі білім беру саласындағы отбасы мен балабақша ынтымақтастығының жарқын үлгісі әрі болашақ саналы ұрпақ тәрбиесіне бағытталған маңызды қадам.
Бесбаева Бибигуль Бактыбаевна,
«Наурыз» бөбекжай- бақшасы» МКҚК меңгерушісі .
