Бала тәрбиесі – ұлт болашағына салынған ең қымбат инвестиция. Сондықтан мектепке дейінгі ұйымдарда бүлдіршіндердің бойына тәртіптілік, ұқыптылық, жауапкершілік және еңбекқорлық қасиеттерін ерте жастан қалыптастыру – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта «Нұр Асықата» бөбекжай-бақшасында «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында «Тәртіп пен ұқыптылық» тақырыбында тәрбиелік іс-шара ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында «Тұлпар» аралас тобының тәрбиеленушілері «Ойыншықтар шомылады» атты қызықты әрі танымдық еңбек әрекетіне қатысты. Балалар ойыншықтарды жуудың қарапайым жолдарын үйреніп қана қоймай, тазалықтың, ұқыптылықтың және өз заттарына жауапкершілікпен қараудың маңызын тәжірибе арқылы сезінді.
Балалар жұмысқа кіріспес бұрын алжапқыштарын киіп, жеңдерін түрді. Арнайы дайындалған сабынды су мен таза су құйылған легендер, жұмсақ губкалар және құрғақ сүлгілер арқылы ойыншықтарды ретімен жуып, шайып, кептіруге қойды. Жұмыс соңында еңбек құралдарын жинастырып, жұмыс орнын таза қалдыруды да үйренді.

Мұндай қарапайым еңбек әрекеттері бүлдіршіндердің ұсақ моторикасын дамытып, еңбекке деген қызығушылығын арттырады. Сонымен қатар «таза», «кір», «көбік», «сулы», «құрғақ» сияқты сөздерді іс жүзінде қолдану арқылы сөздік қорлары да молая түседі.

Тақырыптық апталық барысында «Заң мен тәртіп» және «Мамандықтар әлемі» бағыттары бойынша да мазмұнды жұмыстар жүргізілді. Тәрбиеленушілерге қоғамдық орындардағы тәртіп ережелері, жол қозғалысы белгілерін сақтау, үлкендерді құрметтеу, өзара сыйластық таныту сияқты маңызды ұғымдар түсіндірілді. Сонымен қатар полиция қызметкері, дәрігер, өрт сөндіруші, мұғалім секілді мамандық иелерінің қоғамдағы орны мен еңбегінің маңыздылығы кеңінен таныстырылды.
Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі елдің тірегі. Сондықтан әрбір баланың бойына заңды құрметтеу, тәртіпті сақтау, еңбекқорлық пен жауапкершілік қасиеттерін сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осындай тәрбиелік іс-шаралар арқылы балалардың бойында Отанын сүйетін, еліне адал қызмет ететін, саналы азамат болып қалыптасуына берік негіз қаланады.
Пернегүл Рахымжанқызы Айтхожаева,
«Нұр Асықата» бөбекжай-бақшасының әдіскері.
