Биылғы жыл еліміздің саяси тарихында жаңа белеске шыққан жыл болды. 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда азаматтардың басым көпшілігі жаңа Конституцияны қолдады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Ата Заңға қол қойып, оны іске асыру жөніндегі Жарлықты бекітті. Жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енді. Мәтіні 84 пайызға жаңартылды, бұл жай түзету емес, мемлекеттің жаңа конституциялық моделі.

Басты жаңалық – біртұтас Құрылтайдың құрылуы. Бұрынғы қос палаталы Парламент жүйесінің орнына бірыңғай заң шығарушы орган – Құрылтай келді. Жаз айында «Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Заң бойынша Құрылтай 5 жылға сайланатын 145 депутаттан тұрады. Ол – еліміздің жоғары өкілді органы. Бұл – заң шығару үдерісін жеделдетіп, жауапкершілікті арттыруға бағытталған тарихи қадам. Сонымен қатар Құрылтайға Вице-Президентті, Премьер-Министрді, Конституциялық сот судьяларын тағайындауға келісім беру, Жоғарғы сот судьяларын сайлау сияқты маңызды өкілеттіктер берілді. Түптеп келгенде, бұл дала демократиясының – Ұлы Құрылтай дәстүрінің заманауи жалғасы.
Екінші бағыт – билік сабақтастығы мен халық қатысуы. Жаңа Ата Заңда алғаш рет Вице-Президент институты енгізілді. Бұл – мемлекеттік тұрақтылықтың кепілі. Ал Қазақстан Халық Кеңесіне заң шығару бастамасын ұсыну құқығы берілді. Яғни, халықтың ұсынысы тікелей заңға айналуына жол ашылды.
Үшінші бағыт – адам құқығы басты орында. Жаңа Конституцияның өзегінде адам тұр. Әлеуметтік, цифрлық және экологиялық құқықтардың кепілдіктері кеңейтіліп, адамның қадір-қасиетін қорғаудың жаңа тетіктері бекітілді.
Ұстаздық мінберден – Ата Заңға тағзым
Біз үшін, ұстаздар үшін, Конституция – қабырғада ілулі тұрған құжат емес. Ол – әрбір сабағымыздың арқауы, тәрбиеміздің темірқазығы. Бүгін сыныпта «Заң мен Тәртіп» туралы айтсақ, ертең сол шәкірт әділдікті ту етіп, ел тізгінін ұстайды. Біз егетін сана дәні – ертеңгі Әділетті Қазақстанның жемісі.
Құрылтай мінберінде заң қабылданса, мектеп мінберінде сол заңды құрметтейтін тұлға қалыптасады. Сондықтан конституциялық реформа – билік жүйесінің ғана емес, қоғамдық сананың жаңаруы.
Алдағы уақытта жаңа Конституция нормаларын жас ұрпаққа кеңінен түсіндіру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру – әрбір педагогтің басты міндеті деп санаймын.
Эшбаева Акбилек Абдрахмановна,
Түркістан облысы Ордабасы ауданы
Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің орыс тілі пәні мұғалімі.
