Әрбір мемлекеттің дамуы оның Ата Заңының заман талабына сай жаңаруынан басталады. Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздің егемендігінің заңды негізі, азаматтарымыздың құқығы мен бостандығының мызғымас кепілі.

1995 жылғы Конституция 30 жыл бойы мемлекеттіліктің іргетасы болды. Ол 9 бөлім мен 101 баптан тұрып, тәуелсіз еліміздің алғашқы заңды негізін қалады. Алайда 2026 жылғы реформалар – бұл жай ғана түзету емес, ұлттық дәстүрімізге және болашаққа бағытталған стратегиялық қадам.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы қыркүйектегі Жолдауында айтылған басты бағыт – халық үнін тікелей еститін, биліктің тепе-теңдігін сақтайтын жаңа басқару моделіне көшу болды. Осы Жолдаудың жалғасы ретінде 2026 жылдың 15 наурызында жалпыхалықтық референдум өткізіліп, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Жаңа Конституциялық Заң қабылданды.
Бұл заң 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап өз күшіне енді. Жаңа Конституция 11 бөлім мен 96 баптан тұрады. Онда тек саяси жүйе ғана емес, еліміздің дамуының негізгі стратегиялық бағыттары да заңды түрде бекітілді.
Реформаның ең түбегейлі жаңалығы – Қазақстанның 30 жыл бойы жұмыс істеген екі палаталы Парламент жүйесінен бір палаталы Ұлттық Құрылтай жүйесіне көшуі.
Құрылтай дегеніміз не? Бұл сөздің өзі тарих тереңінен келеді. Ұлы дала тарихында Құрылтай – хан сайлайтын, ел тағдырын шешетін, билер мен ақсақалдар бас қосатын кеңес болған. Шыңғыс хан заманындағы Ұлы Құрылтай, Қазақ хандығындағы Жеті Жарғы қабылданған Құрылтай, Алаш қозғалысындағы Жалпықазақ Құрылтайы – бәрі де халық пен биліктің арасын жалғаған. Құрылтай қазақтың «келісіммен басқару» дәстүрінің ең биік көрінісі.
Бүгінгі Жаңа Конституция бойынша Құрылтай – бұл заң шығарушы бір палаталы жоғары өкілді орган. Оның құрамына халық тікелей сайлаған депутаттармен қатар, қоғамдық ұйымдар, кәсіподақтар, ғылым, мәдениет және өңірлердің өкілдері де кіреді. Яғни Құрылтай – Мәжіліс пен Сенаттың қызметін біріктіріп, сонымен бірге азаматтық қоғамның дауысын қосқан жаңа формат. Бұл өзгеріс «Билік халықтан, халық үшін» қағидатын заңды түрде бекітті.
2026 жылғы Конституцияның ерекшелігі – ол тек саясатқа ғана емес, қоғамның дамуына да терең өзгеріс енгізді. Ата Заңымызда Адами капитал, ғылым, білім және инновация мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі стратегиялық бағыты ретінде айқындалды. Білім алу – әр азаматтың негізгі құқығы ғана емес, мемлекеттің басты инвестициясы деп танылды. Осыған байланысты білім беру жүйесін цифрландыру, мектептер мен жоғары оқу орындарын инновациялық технологиялармен қамтамасыз ету, педагог мәртебесін күшейту жөніндегі нормалар Конституциялық деңгейде бекітілді.
Сонымен қатар Жаңа Конституцияда цифрландыру мен қоршаған ортаға қамқорлық жасау мемлекеттің басым міндеттерінің қатарына қосылды. Экологиялық қауіпсіздік, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, «жасыл экономикаға» көшу – бұл енді жай бағдарлама емес, Ата Заңымыздың талабы. Яғни біздің ұрпаққа таза табиғат пен сапалы білімді бірдей қалдыру – Конституциялық міндетке айналды.
Реформаның цифрлық бөлігі де маңызды. Президенттің тапсырмасымен e-Otinish және eGov порталдары базасында «Парламенттік реформа» атты жаңа бөлім ашылды. Енді әрбір азамат Құрылтайға қаралатын заң жобасын онлайн талқылауға қатысып, тікелей ұсыныс жолдай алды. «Халық заңы» порталы арқылы 2000 мыңнан аса ұсыныс түсіп, олардың ең өзектілері Құрылтай отырысында міндетті түрде қаралды.
Тарихшы ретінде айтарым, біз шеңбер жасап, қайтадан бастауымызға оралдық. Кеңестік екі палаталы жүйеден бас тартып, ата-баба дәстүріміз – Құрылтайға оралдық. Бірақ бұл ескі Құрылтай емес, цифрлық ғасырдың, білімді ұлттың, жасыл болашақтың Құрылтайы.
Осы жерде ұстаз ретіндегі міндетіміз ерекше. «Құқықтық сауаттылық – заман талабы». Бүгінгі оқушы ертең e-Otinish арқылы Құрылтайға заң жобасын ұсынатын, ғылым мен инновацияны дамытатын азамат. Сондықтан сабақта Конституцияның жаңа 11 бөлімін, Адами капитал мен білім туралы нормаларды өмірмен байланыстырып түсіндіруіміз керек.
Қорыта айтқанда, 15 наурыздағы референдум мен 1 шілдеден бастап күшіне енген заң – бұл мемлекет пен халық арасындағы жаңа әлеуметтік келісімшарт. Екі палатадан бір палаталы Құрылтайға өту, білім мен ғылымды стратегияға айналдыру, экология мен цифрландыруды бекіту – бұл үнемдеу емес, бұл – ұлттық сананың жаңғыруы.
Ата Заңымыз мәңгі жасасын! Құрылтайымыз құтты болсын! Білімді, еңбекқор ұрпақ тәрбиелеген ел ғана ұлы болады!
Анарбаева Клара Олжабаевна,
Шымкент қаласы, Абай ауданы №135 тарих пәні ұстазы-зерттеуші.
