Әлемге күн жылуы қандай қажет болса, адамға да жүрек жылуы сондай қажет. Адам баласы өмірге келген соң өзінің адами қасиеттерін жоғалтпай айналасындағыларға мейірім шуағын шашуы тиіс. Әсіресе, материалдық, моральдық тұрғыда қолдауды қажет ететін және мүмкіндігі шектеулі жандар өздерін өзгелерден кем, қоғамға керексіз сезінбеулері керек.
   Міне, осы мақсатта қазан айының екінші жексенбісінде аталып өтетін «Дүниежүзілік мүгедектер күні» аясында Жетісай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен қайырымдылық шарасы болып өтті. Шараға Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Әшірбай Тасов пен аталмыш бөлім басшысы Әділхан Досыбайұлы қатысып, «Аялайық балаларды» қоғамдық қайырымдылық қорымен біргелікте бүлдіршіндерге мерекелік сый-сияпат жасады. Бұған дейін де айтулы күн аясында ауданда жалпы 350 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсетіліп, азық-түлік себеттері үлестірілген.
    «Қоғам мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасай алмаса, олардың күнделікте өмірінде кездесетін қиындықтарының шешімі табылмайды. Сондықтан, оларға әрқашан да қолдау көрсетуді, қолұшын созуды біз тоқтатпауымыз керек. Бұл жандар да осы қоғамның толыққанды мүшелері екендіктерін сезінулері ттіс. Ол үшін біздің бөлімнің қызметкерлері қолдан келген мүмкіндіктердің бәрін жасауда» дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов.
     Айта кетейік, бүгінде ауданда 7 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Олардың 531-і І топ, 1851-і ІІ топ, 3161 азамат ІІІ топ мүгедектері болса, 18 жасқа дейінгі балалар саны 1344. Мұнан басқа 230 жалғызбасты мүмкіндігі шектеулі қарттар бар. Сонымен қатар, бөлімге қарасты «Үміт ұясы» және «Балдәурен» күндіз болу оңалту орталықтарында 1,5 жастан 18 жас аралығындағы 81 мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиеленуде.
   Іс-шара соңында бөлім тарапынан ұйымдастырылған қайырымдылық шараларында демеушілік жасап, қолұшын созып жүрген азаматтарға аудан әкімі Мұрат Болатұлының, «Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әділхан Асауовтың, аудандық мәслихат хатшысы Әлихан Утанов пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжановтың атынан алғыс хаттар табысталды.
    «Мүгедек жандар – қоғамның қорғансыз әрі ең әлсіз бөлігі. Оларға қай уақытта да, қай деңгейде болса да көмек қолын созу – азаматтық парыз әрі міндет болып қала бермек» дейді демеушілер.
ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ АЗАМАТТАРҒА СЫЙ КӨРСЕТІЛДІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған