Жаз мезгілі – балалардың денсаулығын нығайтып, табиғат аясында еркін дамуына мүмкіндік беретін ерекше кезең. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2022 жылғы 30 тамыздағы №348 бұйрығымен бекітілген Мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің үлгілік қағидаларына сәйкес 1 маусым мен 31 тамыз аралығы мектепке дейінгі ұйымдарда жазғы сауықтыру кезеңі ретінде ұйымдастырылады.

«Күншуақ» бөбекжай-бақшасы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында бұл кезең әрбір тәрбиеленушінің денсаулығын нығайтуға, шығармашылық қабілетін жетілдіруге, танымдық белсенділігін арттыруға және қауіпсіз өмір салты дағдыларын қалыптастыруға бағытталған мазмұнды жұмыстармен өрбиді.

Жазғы сауықтыру жұмыстарының негізгі мақсаты – балалардың физикалық, коммуникативтік, танымдық, шығармашылық және әлеуметтік-эмоционалдық құзыреттіліктерін жан-жақты дамыту. Балалардың жас ерекшеліктеріне сай ұйымдастырылатын іс-шаралар олардың табиғатпен етене жақын болып, қоршаған ортаны танып-білуіне, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.

Жазғы кезеңде күн тәртібі таза ауада өтетін түрлі іс-әрекеттерге негізделеді. Таңертең тәрбиеленушілерді ашық аспан астында көтеріңкі көңіл күймен қарсы алу, сергіту жаттығуларын өткізу, қимылды және ұлттық ойындарды ұйымдастыру – күннің сәтті басталуына жағдай жасайды. Сонымен қатар балалардың жүгіру, секіру, өрмелеу, лақтыру сияқты негізгі қимыл дағдыларын жетілдіретін дене шынықтыру сабақтары жүйелі түрде өткізіледі.
Табиғат аясындағы серуендер балалардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың зерттеушілік қабілеттерін дамытады. Серуен барысында бүлдіршіндер табиғат құбылыстарын бақылап, өсімдіктер мен жәндіктер әлемімен танысып, қарапайым тәжірибелер жүргізеді. Бұл олардың дүниетанымын кеңейтіп, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін қалыптастырады.
Коммуникативтік дағдыларды дамытуға да ерекше мән беріледі. Балалар көркем әдебиетпен танысып, ертегілер тыңдайды, өлеңдер жаттайды, әңгімелесіп, өз ойын еркін жеткізуге машықтанады. Сонымен қатар қолдың ұсақ моторикасын жетілдіретін шығармашылық жұмыстар ұйымдастырылып, сурет салу, мүсіндеу, жапсыру, құрастыру арқылы балалардың қиялы мен эстетикалық талғамы дамытылады.
Жазғы сауықтыру кезеңінде еркін ойындардың маңызы ерекше. Еркін ойын барысында балалар өз қиялын жүзеге асырып, құрдастарымен қарым-қатынас орнатады, өздігінен шешім қабылдауға, бастамашылдық танытуға үйренеді. Бұл олардың әлеуметтік-эмоционалдық дамуына оң әсер етеді.
Балалардың денсаулығын нығайту мақсатында шынықтыру шаралары жүйелі жүргізіледі. Ауа және күн ванналары, таза ауадағы жаттығулар, су процедуралары, тыныс алу жаттығулары, денсаулық жолдарымен жүру секілді жұмыстар олардың иммунитетін күшейтіп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.
Бұл жұмыстардың нәтижелі болуы педагогтер мен ата-аналардың тығыз ынтымақтастығына байланысты. Сондықтан балабақшада ата-аналарға арналған кеңестер, ұсынымдар, ақпараттық түсіндіру жұмыстары тұрақты ұйымдастырылып келеді. Баланы тәрбиелеу мен дамытудағы отбасы мен балабақша арасындағы серіктестік жазғы сауықтыру жұмыстарының тиімділігін арттыра түседі.
Жазғы кезеңде қауіпсіздік мәселесі де басты назарда болады. Педагогтер тәрбиеленушілердің өмірі мен денсаулығын қорғау бойынша арнайы нұсқаулықтардан өтіп, балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз етуге жауапкершілікпен қарайды. Санитарлық талаптардың сақталуы, дұрыс тамақтану, күн тәртібін тиімді ұйымдастыру және медициналық бақылау үздіксіз жүргізіледі.
«Күншуақ» бөбекжай-бақшасында өткізілетін жазғы сауықтыру шаралары – баланың денесін шынықтырып қана қоймай, оның жан дүниесін байытып, шығармашылық әлеуетін ашуға, елін, жерін сүйетін, табиғатты аялауды білетін, дені сау, белсенді әрі білімге құштар тұлға болып қалыптасуына негіз қалайды.
Жаз – демалыс қана емес, бүлдіршіндердің қуанышқа толы балалық шағын жарқын естеліктермен байытып, денсаулығын нығайтып, жан-жақты дамытатын ең маңызды кезең. «Күншуақ» бөбекжай-бақшасының ұжымы әрбір баланың жаз мезгілін қауіпсіз, қызықты әрі мазмұнды өткізуіне бар күш-жігерін жұмсап келеді.
Жорабекова Жанат Төлегенқызы,
«Күншуақ» бөбекжай-бақшасы МКҚК меңгерушісінің міндетін атқарушы.
