Облыс басшысы Дархан Сатыбалды Жетісай ауданына жасаған іс-сапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында құрылысы жүріп жатқан білім ұясында болды.
Пилоттық жоба аясында өткен жылдың соңында Жетісай қаласынан 1500 орындық, Асықата кентінен 900 орындық және Ынтымақ ауылдық округінің Ақниет елді мекенінен 600 орындық мектептердің құрылысы басталып, 2025 жылы қолданысқа тапсырылады деп жоспарланған.
Облыс басшысы Асықата кентіндегі құны 7 млрд. теңгені құрайтын нысанның құрылыс сапасын тексеріп, мердігер мекеме басшыларымен кездесті. Жауапты сала басшыларына өндірістік кестеден кешікпей, сапасын қатаң қадағалауды тапсырды. Мектеп ауласына ағаш екті.
Оқушылардың толыққанды білім алуларына ыңғайластырылған пәндік кабинеттермен, оның ішінде робототехника, кең жолақты интернет, жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталатын мектепте оқушылардың сапалы білім алуларына толық жағдай жасалады. Сондай-ақ, осы білім ордаларында жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік беріледі.
Жалпы алғанда Жетісай ауданында оқушылар мен ұстаздарды заманауи мектептермен қамту мақсатында биылдың өзінде жеке инвестиция есебінен Жетісай қаласынан 720 орындық 2 мектеп пайдалануға берілсе, келесі жылы 1300 оқушыға есептелген тағы 3 мектепті инвесторлар есебінен салу жоспарлануда.
Айта кетейік, облыста демографиялық өсім жоғары. Қосымша 35 мың оқушы орынға тапшылық бар. Аталған мәселені шешу мақсатында биыл 50 мектептің құрылысы жүргізілуде. Мектептердің 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында соғылуда. Биылғы 2024 жылы алғашқы рет көптен бері жөндеу көрмеген 300-ден астам білім ұясына жаңғырту жұмыстары жүргізілді.