Елімізде бүгінгі таңда, әсіресе энергияға деген өсіп келе жатқан қажеттіліктер мен мемлекетіміздің халықарақ қауымджастық алдында көміртегі шығындыларын азайту және неғұрлым тұрақты энергия көздеріне көшу жөніндегі батыл жоспарларын жүзеге асыратын уақыт келді.
Халқымыздың атом электр станциясын салу жөніндегі референдумда жан-жақты талдап шешім қабылдауы маңызды тарихи оқиғаға айналғалы отыр. Дүниежүзі бойынша уран қорына бай Қазақстан бұл саладан біршама тәжірибеге ие. Сондықтан атом саласынан хабары бар мамандардан тапшылық болмайды.
Осы жолғы референдумның басты мақсаты – халықтың пікірін жан-жақты білу болып тұр. Елімізде қазірде АЭС құрылысын салу жөнінде түрлі көзқарастар мен пікірлер бар. Бір тарап –энергия секторын жаңартып, жаңа жұмыс орындары ашылатындығын айтса, ал екінші тарап қауіпсіздік пен экологиялық салдарға қатысты алаңдаушылық білдіруде.
Сол себепті де референдум өткізер алдында тұрғындар АЭС құрылысының барлық аспектілерін, технологияларын, қауіпсіздік шаралары және экология мен денсаулық үшін ұзақ мерзімді салдары туралы хабардар болып, өздері дұрыс деп тапқан шешімге дауыс берулері қажет.
Егер де осы референдумда халықтан қолдау табылған жағдайда, Қазақстан АЭС-тің арқасында заманауи технологияларға қол жеткізіп ғана қоймай, тұрақты энергия көзіне де ие болатын болады.
Ұлжанай АРТАЙ,
Жетісай ауданы.