Наурыз – елімізде кең көлемде аталып өтетін мейрам.
  Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған.
Бұл күні барлық өкпе-реніштер ұмытылып молынан дастархан жайылып жылдың бастауы ретінде кеңінен тойланады.
  Дастархан басына жиылған көпшілік қауым Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын, деп бір-біріне жылы лебіздерін білдіреді.
Құрметті жетісайлықтар!
  Баршаңызға белгілі, қазіргі таңда коронавирус жаһандық пандемияның жалғасып келе жатқанына да жылға жуық уақыт болды. Аты жаман ауру әлемнің барлық еліне тарап үлгерді.
Облыс әкімінің тапсырмасына сəйкес, Жетісай ауданында да арнайы комиссия құрылып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда.
Халқымыздың тарихи тағдырында небір зұлмат күндер бастан өткен. Соның барлығында кереге мен уық болып шаңырағын шайқалтқан емес.
Бұл уақытша жағдай. Оған сіз бен біз куәміз. Ниеті бір халық екенімізді көрсетіп, ретке келтіргенбіз.
  Қазақта «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген дана сөз бар. Ауызбіршіліктің арқасында бұл сынақты да бірге өтіп келеміз.
  Береке-бірлігіміздің сыналар сәті, ырыс-ынтымағымыздың ұйысар тұсын да. Бірлігі бекем ел екенімізді көрсетейік!
Қадірменді бауырлар!
  Наурыз мерекесі қарсаңында өңірімізде қыстың көбесі сөгіліп, тіршілік атаулыға жан бітіп, жасарып, жаңару үстінде. Көктемнің әр күні жылға азық болатынын жетісайлық шаруалар жақсы түсінеді.
  Енді бірер аптада ауданымызда мақта егу жұмыстары қарқын алатын болады. Осы жауапты сәтте жұдырықтай жұмылып, береке-бірлікте, ымыралы ынтымақта, үйлесімді жұмыс істеуге шақырамын.
 Наурыз мерекесі өткенімізді саралап, болашағымызды болжауға, алдағы атқарылар жұмыстарды жүйелеуге жаңа серпін берері даусыз.
  Ауызбіршілік бар жерде алынбайтын асу жоқ. Бірлігіміз жоғалмасын құрметті бауырлар!
  Ұлыс оң болсын! Наурыз мерекесі құтты болсын! Бар шаңыраққа бақыт-береке тілеймін!
Құрметпен,
Жетісай ауданының әкімі
Жамантай Бейсенбаев
ҰЛЫСЫМНЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ-ӘЗ НАУРЫЗ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған