Жетісай қаласында орналасқан Қ. Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының ғимаратында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» атты салтанатты мерекелік іс-шара өтті.
Жиынға аудан әкімі Мұрат Болатұлы, аудандық мәслихат хатшысы Алихан Утанов, Жетісай ауданының прокуроры Айдархан Жүнісбеков, «Нұр Отан» партиясы Жетісай аудандық филиалы төрағасының орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Әділхан Асауов, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері, әр сала үздіктері, зиялы қауым мен БАҚ қатысты.
Мерекелік іс-шараның шымылдығын театрдың актерлік труппасы сомдаған «Дара жол» атты тарихи сахналандырылған көрінісі ашты. Көне сақ дәуірінен бүгінгі кезеңге дейінгі тамыры тереңде жатқан тарихымыздан сыр шерткен қойылым, жиылған көпшілікке ерекше рухани демалыс сыйлады.
Мерекелік іс-шарада Тәуелсіздік мерекесімен алғашқы құттықтау сөзді алған аудан басшысы тұрғындарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. «Тәуелсіздік бізге ұлттық, аймақтық және жаһандық өлшемде шексіз жауапкершілік жүгін артты. Халқымыз Тәуелсіздіктің мызғымас тұғырын бекітіп, Мәңгілік Ел болуға бет бұрды. Тәуелсіздік күні – баршамыз үшін, күллі қазақстандықтар мен әлемнің барлық қиырындағы достарымыз үшін ұлы мереке! Баршаңызды Ұлы дала елінің ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!» – деді аудан әкімі өз сөзінде.
Бұдан кейін де құттықтау сөзге шыққан мәслихат хатшысы мен «Нұр Отан» партиясы Жетісай аудандық филиалы төрағасының орынбасарыда өздерінің жүрек жарды тілектерін айтып, аудан халқы мен қонақтарын айтулы мерекемен құттықтады.
Салтанатты жиында мемлекеттің дамуына орасан зор еңбек етіп, әртүрлі салада жетістікке жеткен азаматтарға мерекелік медал тағылып, арнайы алхыс хаттар табысталды.
Мерекелік шара соңында патриоттық әндер шырқалып, өнерпаздар қалың жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
ТӘУЕЛСІЗДІК – КИЕЛІ ҚҰНДЫЛЫҚ