Жетісай ауданында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Заман талабына сай салынған заманауи үлгідегі білім ордасы №7 «Тұран» мектеп-гимназиясы деп аталады. Нысанның салтанатты ашылуына келген Жетісай ауданының әкімі Мұрат Кадырбек пен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Темір Қырықбаев, аудандық мәслихат хатшысы Алихан Утанов пен мәслихат депутаттары Рустем Наматуллаев , Гульмира Саржанова , Эльмира Темірбаева мен «Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Әділхан Асауов ұстаздар мен оқушыларды қуаныштарымен құттықтады.
   Жетісай қаласы Дайрашев көшесі бойындағы 1200 орындық Тұран мектеп-гимназиясының құрылысы нысанының құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуші мердігер мекеме «АСАД-Құрылыс» ЖШС. Нысан құрылысының конкурстық құны 1 237 787 мың теңгені құрайды. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2019 басталып, тапсырыс беруші «Жетісай ауданы әкімдігінің құрылыс бөлімі» ММ болған уақыттарда 325 409 мың теңге қаржысы игерілген. 2021 жылға құрылыс жұмыстарына бюджеттен 112 378 мың теңге қаржысы қаралып, нысан ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында пайдалануға тапсырылып отыр.
   Салтанатты лента қию рәсімінен кейін қонақтар мектепті аралап көрді. Сынып бөлмелерімен, ондағы оқу құралдарымен танысты. Стандартқа сай салынған спорт залындағы волейбол, баскетбол, үстел теннисі және футбол сынды спорт түрлері бойынша оқушыларға жасалған жағдайларды көзбен көрді.
   Мектепте физика, химия, информатика кабинеттері, мултимедиялық және лингафондық кабинеттер соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталып, мектеп оқушыларының сапалы білім алуына барлық жағдайлар жасалған. Мұнда спорт залы, зертхана кабинеттері мен тігін шеберханасы да бар. Жаңа білім ғимаратының ашылғанына қуанған жетісайлықтар мемлекетке және осы игілікті іске күш жұмсаған барлық сала мамандарына өз алғыстарын білдірді.
Құрылысы 2019 жылы басталған білім ошағы қысқы демалыстан соң үшінші тоқсанда оқушыларды білім нәрімен сусындатуға толықтай дайын.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
ЖЕТІСАЙДА ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған