Мен үшін мектеп – тек білім беретін білім ордасы емес, жас ұрпақтың тұлғалық қалыптасуына ықпал ететін, олардың бойына адамгершілік пен ұлттық құндылықтарды сіңіретін қасиетті мекен. Сондықтан Т.Рысқұлов атындағы жалпы білім беретін мектептің ұстаздар қауымы білім мен тәрбиені қатар алып жүруді басты міндеттердің бірі ретінде қарастырады.

Т.Рысқұлов атындағы жалпы білім беретін мектепте оқушылардың сапалы білім алуымен қатар, олардың тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлінеді. Мектеп өмірінде ұлттық, патриоттық, құқықтық, рухани-адамгершілік, еңбек, экологиялық, эстетикалық және дене тәрбиесі бағыттары бойынша жүйелі жұмыстар ұйымдастырылады.
Біздің мақсатымыз – оқушыны тек жақсы оқитын бала ретінде емес, елін, жерін, тілін, тарихы мен дәстүрін құрметтейтін, үлкенге ізетті, кішіге қамқор, жауапкершілігі мол азамат етіп тәрбиелеу.
Мектепте мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндерге арналған тағылымды іс-шаралар, тәрбие сағаттары, кездесулер, пікірталастар, түрлі байқаулар мен шығармашылық жұмыстар тұрақты түрде өткізіледі. Мұндай жұмыстар оқушылардың қоғамдық белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың өз ойын еркін жеткізуіне, шығармашылық қабілеттерін дамытуына мүмкіндік береді.
Ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстарға да ерекше мән береміз. Оқушыларға халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық ойындарын таныстыру арқылы олардың туған халқына деген құрметін арттыруға тырысамыз. Өйткені өз тарихын, тілін және мәдениетін білген ұрпақтың ел болашағына деген жауапкершілігі де жоғары болады.
Сонымен қатар мектепте құқық бұзушылықтың, буллингтің, зорлық-зомбылықтың және зиянды әдеттердің алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Оқушыларға құқықтары мен міндеттері түсіндіріліп, қауіпсіз мінез-құлық ережелері үйретіледі. Бұл бағытта мектеп ұжымы ата-аналармен және тиісті мамандармен бірлесе жұмыс атқарады.
Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру да – тәрбие жұмысының маңызды бөлігі. Мектепте спорттық жарыстар, өнер және шығармашылық үйірмелер, танымдық кездесулер ұйымдастырылып, балалардың өз қызығушылықтарына қарай қабілеттерін дамытуына жағдай жасалады.
Менің ойымша, бала тәрбиесінде ата-анамен тығыз байланыс орнатудың маңызы зор. Сондықтан мектеп пен ата-ана арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөлеміз. Ата-аналармен кездесулер, кеңестер, тәрбиелік бағыттағы жұмыстар өткізіліп, бала тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелер бірлесе талқыланады.
Мектебіміздің әрбір жетістігі – ұстаздар қауымының ортақ еңбегінің нәтижесі. Ұстаздың ең үлкен марапаты – шәкіртінің жетістігі. Оқушының білім алып, өнерде, спортта немесе қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып, өз жолын табуы – біз үшін үлкен қуаныш.
Мен өз қызметімде әр баланың бойындағы жақсы қасиетті көріп, оны дамытуға, оқушының мектеп қабырғасында өзін еркін әрі қауіпсіз сезінуіне жағдай жасауға тырысамын. Себебі әр баланың жүрегіне жол табу – үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Т.Рысқұлов атындағы жалпы білім беретін мектептің басты құндылығы – білім мен тәрбиені қатар ұштастырып, ел болашағы болатын саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Мен үшін тәрбие саласында еңбек ету – үлкен міндет қана емес, үлкен мәртебе. Өйткені бүгінгі шәкірт – ертеңгі ел азаматы. Оның жүрегіне ізгілік ұялатып, бойына жақсы қасиет қалыптастыру арқылы біз болашаққа өз үлесімізді қосамыз.
Қарғабаева Мәншук Жеңісқызы,
Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Ынтымақ елді мекеніндегі Т.Рысқұлов атындағы ЖББМ директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары
