Алғыс айту күні – Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған, еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын ерекше мейрам.
  Тағдыр тәлкегімен елімізге қоныс аударылған түрлі этнос өкілдерін қазақ халқы құшақ жая қарсы алып, басқа түскен ауыртпашылықты бірге көтере білді. Сондықтан, бұл күнді тарихқа тағзым ету деп те түсінуге болады.
Бүгін Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай еңбек етіп, маңдай терін төккен ел азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күні.
Әлем тарихындағы ең алып империя Қазақстанға көпэтносты халықты мұра етті. Олар күштеп қоныстандыру, сталиндік репрессия, тың игеру кезінде қазақ жеріне қоныс тепті. Ал, бүгінде бәрі бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешуде.
  Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында біз бір мүддеге біріккен халықтың ғана дамудың таңғажайып шыңдарына жете алатынын көріп отырмыз. Елбасы ұсынған «біртектілік пен бірлік» реформасының арқасында еліміздегі түрлі ұлттар «Мәңгілік ел» идеясы төңірегінде топтасуда.
  Еліміздегі әрбір ұлт, әрбір адам бір-біріне мейірім танытып, қамқорлық көрсетіп, қолдау, сүйеу болса – бұл үлкен адамдықтың белгісі. Ризашылық білдіру, алғыс айту – жалпы адамзат өркениетінің жеке адам мәдениеті мен адамгершіліктің ең бір асыл көрінісі.
Өткен жылы Мақтаарал ауданында орын алған Төтенше жағдай кезеңінде ауданымызға бүкіл ел көмек қолын созды. Оның ішінде өзбек, орыс, тәжік, кәріс т.б. түрлі этнос өкілдері бір анадан туғандай мақтааралдықтардың қайғысына уайым шегіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара көмек көрсетті. Барлық ұлт, барлық өңір «Біз біргеміз, Мақтаарал!» ұранының астына бірігіп, тасқын судан зардап шеккендерге 1000 тоннадан астам гуманитарлық көмек берді.
  Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саясатының, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің және бүкіл ел халқының арқасында біз азаматтарымыздың өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктіріп, жұдырықтай жұмылуымыздың арқасында басқа түскен барша қиындықтарды жеңіп шықтық.
  Сондықтан, бүгін мен жүзден астам ұлтты бауырына басқан, ғасырлар қойнауында қандай қиындықтар болса да ешқашан пейілі тарылмаған Қазақ еліме бас иіп алғыс айтамын!
Ізгі ниетпен,
Мақтаарал ауданының әкімі
Асанов Бақыт Насырханұлы.
МАҚТААРАЛДЫҚТАРДЫҢ АТЫНАН ҚАЗАҚ ЕЛІМЕ БАС ИІП АЛҒЫС АЙТАМЫН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған