ҚР тұңғыш Президенті, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы ұлттар татулығы мен бірлігін жаңа деңгейге көтеретін ерекше мерекені бекіткен еді. Ол Қазақстан халқының тағы бір асыға күтетін мерекесі – алғыс айту күні. Бұл мейрамның заңды түрде мереке ретінде қабылданғанына көп болмаса да, ол Қазақстан халқы ассамблеясы күнімен тұспа-тұс келеді. Алғыс айту күні, кезінде түрлі тарихи себептерге байланысты қазақ жеріне табан тіреген ұлттар мен еліміздің өткенді еске алып, бүгінгімізге ризашылығымызды білдіретін күн.
 Бұл күн қазақтардың ынтымақшылдығы мен достастығының символы, қонақжайлылығының көрсеткіші ретінде атап өтіледі.
  Бұл күн өте өзгеше болуы керек. Адамдар бір-біріне мейірімділік танытып, қадам жасаған сайын істеген ісіне, қасындағы жарына, жолдасына, баласына алғыс айтудан бастауы керек. Сондай-ақ, Ата заңымызда дініне, тіліне, шыққан тегіне қарамастан Қазақстанда мекен ететін барлық ұлттардың тең екендігі жазылған. Сондықтан мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктелгені анық. Мұндай міндетті еліміз өзге этнос өкілдерінің мемлекет құраушы ұлтқа деген шексіз құрметі мен алғыс сезімі арқасында ойдағыдай іске асыруда.
   Қазақ кең болсаң, кем болмайсың деген әрқашан. Сол мінездің арқасында өзінің ғана емес, өзгенің де көңілін тауып келеді. Кішпейілділік, кешірімді болу, алғыс айта білу секілді қазақи қасиеттер де бойымызға дарыған. Сондықтан, көктемнің алғашқы күні алғыс айту мерекесінде ең алдымен айналамыздағы адамдармен жақын болуымыз керек.
  Алғыс айту күні қарсаңында Мақтаарал ауданының орталығындағы «Мақтаарал» мәдениет үйінде мерекелік шара атап өтіліп, ауданымызда мекен ететін тәжік, өзбек, орыс, әзірбайжан және т.б. ұлтының өкілдері қатыса отырып, өз аттарынан аудан халқына достық пейілі мен ыстық ықыласын жаудырып, алғыстарын білдірді.
  Өз кезегінде аудан әкімдігі және аудан өнерпаздары атынан ауданымыздағы барлық салада аянбай еңбек етіп келе жатқан дәрігерлерге, ұстаздарға, спортшыларға, үйде ел болашағы-балаларымызды тәрбиелеп отырған ардақты аналарымыз бен әкелерімізге, қазыналы қарттарымыз бен жалынды жастарымызға және ауданымызды мекен-еткен барша этнос өкілдеріне алғыс айтылып, арнайы мерекелік арнаулар паш етілді.
1 НАУРЫЗ – АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған