Мақтаарал ауданында 12 әлеуметтік нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 5 мектеп, 2 мәдениет үйі мен кітапхана, 2 әкімшілік ғимараты, орталық спорт сарайы, орталық саябақ және амбулатория ғимараттары бар.
Күні кеше аудан әкімі Бақыт Асанов құрылыс нысандарын аралап, сапалы салынуын тексеріп қайтты. Аудан басшысы мердігер мекемелердің басшыларымен кездесіп, құрылыс барысында орын алған кейбір кемішіліктерді жою бойынша тапсырмалар берді. Сонымен қатар, нысандардың жобаға сәйкес салынуын қатаң түрде талап етті.
Құрылыс нысандарының басым бөлігі аудан орталығы Мырзакент кентінде жүріп жатыр. Мұнда конкурстық құны 799 миллион теңгеге ауданның дербес бөлімдері үшін әкімшілік ғимаратының және конкурстық құны 239 миллион теңгеге ауданның прокуратурасы үшін әкімшілік ғимаратының құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде. Сондай-ақ, кентте конкурстық құны 596 миллион теңгеге орталық саябақ және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында конкурстық құны 881 миллион теңгеге спорт сарайы ғимараты салынуда. Аталған нысандардың барлығы да 2023 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Бұған дейін аудан басшысы мәдениет үйлері мен кітапхана, сапалы медициналық нысандар ауыл халқына да қолжетімді болуы керектігін айтқан болатын. Осы мақсатта Еңбекші ауылдық округі Т.Жайлыбаев ауылында конкурстық құны 429 миллион теңгеге 200 орындық мәдениет үйі мен кітапхананың құрылысы және Жамбыл ауылдық округі Жалын ауылында конкурстық құны 357 миллион теңгеге 200 орындық мәдениет үйі мен кітапханының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, конкурстық құны 299 миллион теңгеге Мақтаарал ауылдық округі Игілік ауылында бір ауысымда 50 адамды қабылдайтын дәрігерлік амбулатория салынуда.
Айта кетейік, Иіржар ауылдық округі Алаш ауылында 300 орындық және Азамат ауылында 200 орындық мектеп ғимаратының, Жаңажол ауылдық округі Нұрлыжол ауылында 200 орындық, Бірлік ауылдық округі Еркінабад ауылында және Өркениет ауылында 200 орындық мектеп ғимараттарының да құрылысы жүргізілуде.
МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА 12 ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАННЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған