Көктем – күллі табиғаттың ұйқысынан оянып, жаңарып түлейтін, Жер ана бусанып, көк шығатын ерекше мезгіл. Тіршілік атаулыға жан бітіріп, жаңа өмірдің бастауы іспетті осы бір сәтті ерекше күтетін халық күннің көзі көрінісімен-ақ шаруашылық жұмыстарын бастап кетеді. Бірі жерін баптап, егін сепсе, енді бірі көшет егіп, тазалық жұмыстарына кіріседі. Аудан әкімі Серік Үсенұлының бастамасымен қолға алынған бұл жұмыс көктемі ерте келетін Жетісай ауданында қарқынды жүріп жатыр.
Бүгін аудан басшысы Жетісай қаласындағы «Алпамыс» жалпы орта мектебінің аллеясына ағаш отырғызып, ауданда атқарылып жатқан көгалдандыру жұмыстарының барысымен танысты.
Өткен жылы аудан тұрғындарының жиі баратын демалыс орындары мен скверлерге, парктер мен аллеяларға 19 мыңға тарта көшет отырғызылып, оның 16 мыңы көктеген. Биылғы жылы тағы 23 мың түп туя, сән ағаштары, сирень, кипорис, терек, шынар, қарағаш, багрянник, қарағай, каштан мен бадам секілді көшеттерді отырғызу жоспарланған.
Отырғызылған көшеттерді күтіп-баптау ісімен айналысатын «Жетісай қызмет» МКК мекемесінің жұмысымен танысқан аудан басшысы оң бағасын берді. Өз қолымен көшет егіп, көгалдандыру жұмыстарына жауапкершілікпен қарауды қадап тапсырды.
Серік Мамытовтың бастамасымен қолға алынған көшет егу жұмыстарының алғашқы күнінде қала, кент, барлық ауылдық округтерде 13 мың дана көшет отырғызылды.
Айта кететін жәйт, аталмыш көшеттерге жергілікті қазынадан қаржы қаралмаған. Демеушілер мен Түркістан облыстық Табиғи ресурстар басқармасы тарапынан жеткізіліп отыр.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
БІР КҮНДЕ 13 МЫҢ КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған