Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен «Спорт бізді біріктіреді» атты облыстық волейбол сайысы өтті. 
Түркістан облысының NEET санатындағы жастары арасында өткен байрақты бәсекенің ашылу салтанатына Жетісай қаласының әкімі Нұрлыбек Бахтияров пен Жаңа ауыл ауылдық округінің әкімі Сұңғат Амангелдиев, «Ұлттық спорт клубы» КММ басшысы Ерлан Райымбердиев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Қоғамда ұрпақтар сабақтастығын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, жастар арасында волейбол спортына деген қызығушылықты арттырып, аға буын өкілдерінің ізін басқан жас спортшыларға тәжірибелерімен бөлісу, жастардың кәсіби біліктіліктерін арттыру болып табылатын облыстық байрақты бәсекеге 9 ауданнан 80 спортшы қатысып, бақтарын сынасты.
Командалар арасында өзара тартысты өткен ойындар төрешілердің бекіткен ережесіне сай қорытындыланып, жүлделі ІІІ орынға Сарыағаш ауданының құрама командасы табан тіресе, ІІ орын Мақтаарал ауданының жастарынан құралған ойыншыларға бұйырды. Ал, жүлделі І орын Жетісай ауданының әуе доп шеберлерінің қанжығасына байланып, чемпион атанды. Жүлделі орынға ие болған командалар мен үздік ойын үлгісін көрсеткен жекелеген ойыншылар сайыс соңында ұйымдастырушылардың бағалы сыйлықтарымен, медальдарымен және дипломдарымен марапатталды.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
ЖАСТАР АРАСЫНДА ОБЛЫСТЫҚ ТУРНИР ӨТТІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған