Мақтаарал ауданында зираттарды күтіп ұстау және жерлеу  рәсімдерінде ысырапшылдық пен бәсекелестікке жол бермеу  мақсатында  арнайы мекемеаралық мәжіліс болып өтті.

Аудан әкімі Бақыт Асановтың төрағалығымен өткен жиынға аудан сотының төрағасы А.Шындалиев, аудан прокуратурасының аға прокуроры А.Қанжігітов, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Е.Алтынбаев, аудандық орталық «Абдул Әкім» мешітінің бас имамы Н.Мұсабеков және дербес бөлім басшылары, Мырзакент, Атакент аудандық ауруханаларының бас дәрігерлері, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері, ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғамдық кеңес төрағасы, аудан имамдары, ауыл билері және мазарат шырақшылары қатысты.

«Бүгінгі мәжілістің басты мақсаты- өзекті мәселелердің бірі  болып табылатын жерлеу рәсімдерін бірізділікке түсіру, жаназа, ас беру кезіндегі дәстүр, әдеттерді жүйелеу, жерлеу рәсімінде діни қызметкер тарапынан атқарылатын діни рәсімдерден бастап мәйіт көмілген соң қабірге қойылатын құлпытастың шариғат шарттары бойынша қандай болу керектігіне тоқталу мәселелері.Сонымен қатар, қайтыс болған адамның өлу себебін анықтау үшін медициналық сараптамадан өткізудің тәртіптері бойынша талқылайтын боламыз» – деді, аудан басшысы.

Күн тәртібіне сәйкес,ең біріші аудандықполиция бөлімі бастығының орынбасары Еділ Алтынбаев сөзге шықты.Әрине, қазақ халқының ұғымында марқұмның жатқан жері туған-туыстары, ағайындары үшін киелі саналып, мазарды әрқашан күтіп ұстауға мән беріледі. Алайда, ақиқатын анықтау мақсатында қылмыстарды ашу, қылмыскерді әшкерелеу және қайтыс болған адамның ақ адал атын сақтау ниетінде мәйітті жерленген жерінен қайта қазып алу іс-әрекетіне, яғни эксгумацияға тұрғындар түсіністікпен қарау керектігін Е.Алтынбеков атап өтті. 

Мұнан соң сөзге шыққан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы  Мадияр Бабашев аудан тұрғындарының 95 %-ы исламдық бағытта, қалған 5%-ы христиандық бағытта дін ұстанатынын еске салды. Бөлім басшысы бүгінгі күнде зираттарды күтіп ұстау және жерлеу рәсімдерінде ысырапшылдыққа, бәсекелестікке жол берілетінін тілге тиек етті.

«Ауданымызда  Бірлік, Достық, Еңбекші, Жаңажол, Иіржар, А.Қалыбеков, Жамбыл, Мақтарал ауылдық округтерінде мазараттар орын тепкен. Жалпы барлық зираттардың жер көлемін есептегенде 105 гектарға жуық жерді алып отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен елімізде «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығы 2021 жылы өз жұмысын бастаған. Орталықтың негізгі мақсаты – құлпытас көтеруде ислам дінінің талаптарын сақтау, бәсекелестікке, ысырапашылдыққа жол бермеу» – деді, Мадияр Асанұлы.

Жиын барысында «Мырзакент» аудандық ауруханасының бас дәрігері Мұқан Тұрсынханов және аудандық орталық «Абдул Әкім» мешітінің бас имамы Нұржан Мұсабековтар тақырыптарға байланысты өз пікірлерін қосып, қайтыс болғандарға міндетті түрде сот-медициналық сараптамалық анықтама алу керектігін жеткізді. Сонымен қатар, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының  Түркістан облысы бойынша филиалының азаматтық хал актілерін  тіркеу бөлімінің басшысы Сапаркүл Қалменова қайтыс болғандығы туралы анықтаманы алудың тәртібін түсіндірді.

ЖЕРЛЕУ РӘСІМІНЕ ҚАТЫСТЫ ЖИЫН ӨТТІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған