Бұл жолы Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакенттегі  «Өнерлі өлке өрендері» фестиваліне Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінің өнерпаздары қатысып, көпшілікке өз өнерлерін ұсынды. Алдымен көрермендер  округтің «Туған жерім – ауылым» атты кітап көрмесімен танысты. Онда сөреге осы өңірден  шыққан ақын-жазушылардың туындылары қойылған екен. Қылқалам шеберлері  салған суреттер де көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Ауыл өнерпаздары даярлаған дәмді ұлттық тағамдар көрмесі де қойылыпты. Жастар – дойбы, шахмат, арқан тарту секілді спорт ойындары бойынша  жарысқа түсті.

Концерттік шараның алдында сахнаға шыққан Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінің әкімі Султанов Нұрмаханбет Мыңбайұлы: «Ел ішінде өнерлі жастар аз емес, оларға қолдау, көмек беріп, дарындарын ашу, халыққа таныту басты міндетіміз. Бүгінгі фестиваль жас әнші, биші, күйшілердің өнерін шыңдауына  ықпал етеді деген үміттенеміз»-деді.

Осыдан кейін әсем безендірілген сахнада  күмбірлеген  сазды күй төгілте тартылып, көрерменді өзіне баурай түсті. №27 Ж.Нұрлыбаев және А.Тұяқбаев атындағы мектептердің «Жас күйші» домбыра үйірмесінің (жетекшісі Майра Жұмаханова) мүшелері  Дәулеткерейдің «Көрұғлы» күйін күмбірлетіп шеберлікпен орындады. Кеш жүргізушілері – Елтон Нұрлыбек пен Пердегүл Искаковалар әрбір ел өзінің тарихымен, өнерімен мәдениеттің алтын қорына өз үлесін қоса алады. Мәдениеттің өркендеуі ауылдан бастау алады деп келіп, С.Торайғыров атындағы ЖББМ-нің «Аруназ» би үйірмесінің өнерпаздарын сахнаға шақырды. Бұл мектепте би үйірмесінің тиімді жұмыс істеп жатқанын аңғардық. Сахнаға шыққан бишілер өз өнерімен көпшілікті тамсандырды. М.Өтемісұлы атвындағы ЖББМ-нің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Индира Әлайдарова «Қазақта тағы той болсын!», осы білім ұясының ұстазы Пердегүл Искакова, шырқаған «Қазағым» әні, С.Торайғыров атындағы ЖББМ-нің оқушысы Айша Омар орындаған «Маленкая страна» әні тыңдарманның көңілінен шықты.

Осы өнер кешінде Мақтаарал  ауданы әкімінің орынбасары А.Ешанқұлова сөз сөйлеп, «Өнерлі өлке өрендері» фестивалінің басты мақсаты – округтердегі талантты жастарды  табу, оларды елге таныту екенін айта келіп, өнер байқауына үкілі үмітпен келген Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінің өнерпаздарына сәттілік тіледі. Аталмыш ауылдық округтің әкімі Н.Сұлтанов Біріккен Араб Әмірлігінде өткен бокс додасында Азия чемпионы атанған осы округтің түлегі Тұрлыбай Ерубайды сахнаға құрметпен шақырып, Алғыс хатпен марапаттап, сияпат жасады. Ерубайдың атасы Тұрлыбай ақсақал немересінің ел намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрінгеніне қуанышты екенін, бұдан да биік белестерді бағындырады деп сенім білдіретінін айтты. Сондай-ақ, осы өнер байқауында №27 Ж.Нұрлыбаев атындағы ЖББМ-нің бишілері  «Қамажайды» билеп өнер көрсетсе, «Өнімкер» ауылының әншісі Елтон Нұрлыбек «Қазағым» әнін тамылжыта орындап көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

ЕЛ ІШІ – ӨНЕР КЕНІШІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған