Түркістан қаласында – Түркістан облысының дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің ұйымдастырумен облыстық ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің, ДДА жақтастарымен жұмыс жүргізетін дінтанушы-теологтардың біліктілігін көтеру мақсатында өткізілетін семинар өткізілуде.
Бұл семинардың мақсаты – қазіргі қоғам діни салада кездесетін негізгі проблемалар мен міндеттерді терең және жан-жақты қарастыру. Семинар конфессияаралық татулық пен келісімді нығайтуға, діни сенім бостандығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ діни экстремизм мен радикалдануға тиімді қарсы тұрудың стратегияларын әзірлеуге бағытталған.
Шара барысында діни ұйымдар мен мемлекеттік институттардың өзара іс-қимыл мәселелері қаралып, діни қызметті реттейтін заңнамалық базаны жетілдіру жолдары талқыланып, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары айқындалады. Жастарды толеранттылық пен діни әртүрлілікті құрметтеу рухында тәрбиелеу мәселелеріне, сондай-ақ қоғамның адамгершілік негіздерін нығайтудағы діни институттардың рөліне ерекше назар аударылатын болады.
Бұл жиынның жұмысына қала, аудан ішкі саясат бөлімдерінің дін саласындағы жауапты мамандары, оңалту жұмыстарымен айналысатын теолог-дінтанушы мамандар мен ҚМДБ дін қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысуда.
Айта кетерлігі бұл семинарға – «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің аға оқытушысы, PhD доктор Стамбакиев Нұржан Жақсылықұлы; Қызылорда облысының дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің маманы Алдашбаев Сәкен Мінуарұлы; «Ақниет» ақпараттық насихаттау және оңалту орталығының Шымкент қаласы бойынша басшысы Оспанов Дәлелхан Қоңырбайұлы; Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің «Әлеуметтік гуманитарлық ғылымдар» факультетінің декан орынбасары, психолог Жарқынбаева Динара Сабитқызы спикерлік етуде.