Баланың бақытты өмірі – әрбір ата-ананың басты арманы. Ұлттың болашағы саналатын жас ұрпақтың қауіпсіздігі мен тәрбиесі – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе, қазіргі ақпараттық технология дамыған кезеңде балалардың денсаулығы, психологиялық жай-күйі мен бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Осы орайда 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне байланысты Түркістан облыстық білім басқармасы ұсынған тұжырымдама аясында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру бағытында маңызды жұмыстар атқарылуда.
«Адал ата-ана – қауіпсіз балалық шақ» тақырыбы – тек ұран ғана емес, әр отбасының өмірлік қағидасына айналуы тиіс құндылық. Себебі бала тәрбиесінің негізі отбасынан басталады. Ата-ананың балаға деген мейірімі, қамқорлығы, әділдігі мен жауапкершілігі – қауіпсіз балалық шақтың кепілі.Осы орайда мектебімізде 14.05.26 жылы ата-аналар жиналысы өтілді. Жиналыстың негізгі мақсаты – оқушылардың қауіпсіздігі, оқу үлгерімі, тәртібі және жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мәселелерін талқылау болды.Жиналыс барысында ата-аналарға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, интернетті дұрыс пайдалану мәдениеті, жол-көлік және судағы қауіпсіздік ережелері жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жазғы демалыс кезінде оқушыларды түрлі үйірмелер мен пайдалы іс-шараларға тартудың маңыздылығы айтылды.Баланың бос уақытын қадағалау, оның кіммен араласатынын бақылау, интернетті пайдалану мәдениетін қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды талаптарының бірі.Жаз мезгілі – балалар үшін демалыс пен сергіту кезеңі. Алайда дәл осы уақытта балалардың қараусыз қалуы, жол-көлік оқиғалары, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау, интернетке тәуелділік сияқты қауіптер жиі кездеседі. Сондықтан ата-аналар мен білім беру ұйымдарының бірлескен жұмысы аса маңызды. Түркістан облыстық білім басқармасы ұсынған тұжырымдамада балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі қауіпсіз өткізуге басымдық берілген. Атап айтқанда, мектеп жанындағы лагерьлер ұйымдастыру, танымдық экскурсиялар өткізу, спорттық және шығармашылық үйірмелермен қамту, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиелік іс-шараларды көбейту көзделуде. Бұл жұмыстар балалардың тек демалуына ғана емес, олардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігі мәселесі де басты назарда болуы қажет. Әр ата-ана баласына:
-жолда жүру ережелерін;
-судағы қауіпсіздік талаптарын;
– өрт қауіпсіздігін;
-бейтаныс адамдармен қарым-қатынас мәдениетін;
– интернет қауіпсіздігін түсіндіріп отыруы тиіс.
Бала қауіпсіздігі – тек мектептің немесе құқық қорғау органдарының емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Баланың әрбір қадамына бейжай қарамайтын, оның болашағына жауапкершілікпен қарайтын ата-ана ғана ұрпағына жарқын болашақ сыйлай алады. Мектеп пен ата-ана арасындағы ынтымақтастықты нығайту бағытында пікір алмасылып, ата-аналар өз ұсыныстарын білдірді. Жиналыс соңында бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі ерекше атап өтілді.
Қорытындылай келе, «Адал ата-ана – қауіпсіз балалық шақ» қағидасы қоғамда кеңінен насихатталуы қажет. Себебі қауіпсіз әрі бақытты бала – елдің ертеңі. Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастырып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы біз саналы, білімді, дені сау ұрпақ тәрбиелей аламыз. 1 маусым – Балаларды қорғау күні әр баланың қуанышты күлкісі мен алаңсыз балалық шағын қорғауға үндейтін маңызды мереке болып қала береді.
Спарханова Нуржамал Алшынбековна,
Жетісай ауданы, Бейбітшілік е/м «І.Есенберлин атындағы 54 ЖББМ»КММ-нің
ДТЖЖО, Шебер –педагог.
