Жетісай ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық мәслихат депутаттарының кезекті ХІ сессиясы өтті. Сессияға жергілікті депутаттармен қатар аудан әкімі Мұрат Болатұлы мен бөлім басшылары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері мен денсаулық сақтау саласының басшылары қатысты.
Депутаттар отырысының күн тәртібінде Жетісай ауданының әкімі Мұрат Болатұлының өзіне жүктелген міндеттері мен қызметтерінің орындалуы жайлы есебі тыңдалып, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының, Қарақай, Жылы су ауылдық округтері әкімдерінің жұмыстарына баға берілді.
Сонымен қатар, аудандағы денсаулық сақтау саласына қатысты бірқатар кемшіліктер мен олқылықтарды талқылаған мәслихат депутаттары аудандық Қоғамдық кеңесінің құрамын, аудандық мәслихат пен қала, кент және ауылдық округтеріндегі жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентін бекіту туралы мәселелерді де күн тәртібінде қарады.
Мұнан бөлек мәслихатшылар Жетісай ауданында бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу және жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің санын айқындау тәртібін бекітіп, «Жетісай ауданы бойынша аз қамтамасыз етілген отбасыларға тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы» Жетісай аудандық мәслихатының 2020 жылғы 31 желтоқсандағы №41-220-VI шешіміне өзгерістер енгізді.
Сессия соңында аудандық мәслихаттағы педагог-депутаттар «Ұстаздар күні» мерекесіне орай мәслихат хатшысы Әлихан Утановтың алғыс хаттарымен марапатталды.
ДЕПУТАТТАР БІРҚАТАР МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ