Бала – елдің ертеңі, ұлттың болашағы. Сондықтан олардың өмірі мен денсаулығын сақтау, қауіпсіз ортада тәрбиеленіп, жан-жақты дамуына жағдай жасау – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – күнделікті жұмыстың басты бағыты болып саналады. Осы ұстанымды негізге алған «Ақ көгершін» бөбекжай-бақшасы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесінде қауіпсіздік – тек ғимараттың талапқа сай болуы ғана емес, ол баланың денсаулығын қорғау, психологиялық жайлылық қалыптастыру, төтенше жағдайлардың алдын алу, санитарлық талаптарды сақтау және ата-анамен тығыз байланыс орнату сияқты кешенді жұмыстарды қамтиды. Осы бағыттардың барлығы «Ақ көгершін» бөбекжай-бақшасында жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Балабақша аумағы толық қоршалып, кіріп-шығу тәртібі қатаң бақылауға алынған. Бейнебақылау жүйесі, өрт қауіпсіздігі құралдары, алғашқы медициналық көмек қобдишалары мен эвакуация жоспарлары талапқа сай орналастырылған. Ғимараттың электр жүйелері, жылыту және сумен жабдықтау желілері тұрақты түрде тексеріліп, қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше мән беріледі.
Балалардың күнделікті серуендеу және ойын алаңдары үнемі бақылаудан өткізіліп, ойын құрылғыларының жарамдылығы тексеріледі. Жарақат алудың алдын алу мақсатында ақаулар дер кезінде жөнделіп, барлық құрал-жабдықтар санитарлық және техникалық талаптарға сәйкестендіріліп отырады.
Тәрбиеленушілердің денсаулығын нығайту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Таңертеңгілік қабылдау кезінде әр баланың денсаулық жағдайына назар аударылып, тазалық пен жеке бас гигиенасын сақтау талаптары қатаң орындалады. Ас мәзірі балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес құрастырылып, тағамдардың сапасы мен қауіпсіздігі тұрақты бақылауда болады.

Сонымен қатар, бүлдіршіндердің қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында арнайы тәрбиелік іс-шаралар өткізіледі. Балаларға жол қозғалысы ережелері, өрт қауіпсіздігі, электр құралдарын дұрыс пайдалану, судағы қауіпсіздік, табиғат аясындағы сақтық шаралары, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасау мәдениеті түсіндіріліп, түрлі ойындар, көріністер мен танымдық іс-әрекеттер арқылы меңгертіледі. Осындай жұмыстардың нәтижесінде балалар қауіпсіздік ережелерін ерте жастан бойына сіңіріп өседі.
Балабақша ұжымы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында оқу-жаттығулар өткізіп, қызметкерлердің қауіпсіздік талаптарын жетік меңгеруіне ерекше назар аударады. Әрбір қызметкер еңбек қауіпсіздігі бойынша нұсқамалардан уақытылы өтіп, өзіне жүктелген жауапкершілікті жоғары деңгейде атқарады.
Тәрбие мен қауіпсіздік мәселесінде ата-аналармен өзара ынтымақтастықтың маңызы зор. Осыған байланысты балабақшада ата-аналар жиналыстары, кеңестер, түсіндіру кездесулері өткізіліп, балалардың үйдегі және қоғамдық орындардағы қауіпсіздігі туралы жан-жақты ақпарат беріледі. Өйткені бала қауіпсіздігі – тек білім беру ұйымының ғана емес, отбасы мен қоғамның ортақ жауапкершілігі.
«Ақ көгершін» бөбекжай-бақшасында әр баланың өмірі мен денсаулығы ең жоғары құндылық ретінде қарастырылады. Ұжымның басты мақсаты – тәрбиеленушілердің алаңсыз білім алып, қауіпсіз ортада өсіп-жетілуіне барлық жағдайды жасау. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, жаңа талаптар мен заманауи қауіпсіздік стандарттарына сай жетілдіріле береді.
«Бала қауіпсіздігі – баршамыздың ортақ міндетіміз». Осындай маңызды қағиданы басшылыққа алған ұжым бүлдіршіндердің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етуде.
Налибаева Нурлыгуль Журинтаевна,
«Ақ көгершін» бөбекжай-бақшасы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының меңгеруші міндетін уақытша атқарушысы.
