АТАКЕНТ КЕНТІНЕ ЕРЕКШЕ МӘН БЕРІЛМЕК

Бүгін аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребековтың төрағалығымен және Атакент пен Өркениет елдімекені тұрғындарының қатысуымен арнайы жиын өтті.

Жиында аталған елдімекендердің аумағын көгалдандыру, абаттандыру және сыртқы келбетін ретке келтіру мәселелері қаралып, қызыл сызыққа шығып кеткен тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандардың иелеріне тікелей түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Ауданның сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Бижан Анарбеков сөзге шығып, Атакент пен Өркениеттің келбетін ашатын арнайы нобайлық жобаларды тұрғындарға ұсынды.

Алдағы уақытта Өркениет елдімекені, Ж.Ибраев көшесін, оның ішінде елдімекенге кіре берістен бастап «Мақтаарал» агроколледжінің ғимаратына дейін жалпы ұзындығы 400 метр темір қорған, жол бойына жарық шамдар және аяқжол салу, орындықтар орнатып, көгалдандыру мақсатында туя және басқа да ағаш көшеттерін егу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, колледждің маңына тұрғындардың демалуы үшін аллея құрылысы да басталатын болады.

Атакент кентіндегі Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған аллея жобасы да әзірленген. Жобада Кеңес Одағының батырларына арналған монумент кешені жаңғырып, соғыс ардагерлерінің тізімі алтын әріптермен жазылатын болады. Сонымен қатар, Өркениет елдімекені аумағында орналасқан саябақты реконструкциялау үшін де нобайлық жоба әзірленген. Жобада италиялықтарға арналған монумент, автотұрақ, сахна, балалардың ойын алаңшасы және аттракциондар, орындықтар, жарықшамдар орналасады.

Атакент кентінің Ташкент және Ж.Ибраев көшесі қиылысында орналасқан орталық базарға да нобайлық жоба жасалып, көлік кептелістерін болдырмау үшін Ташкент көшесіне 4 жолақты жол салу жоспарлануда. Ташкент, Е.Шампиев және А.Копжасаров көшелері бойында орналасқан көп қабатты тұрғын үйлердің ауласында орналасқан ретсіз әжетхана, гараж және ескі ғимараттардың орнына көгалдандыру және абаттандыру үшін де жоба әзірленген. Жоба бойынша аулаларға тротуар, автотұрақтар, балалар ойын алаңшалары, спорт алаңшалары, кіші стадион, автотұрақтар және тұрғындардың серуендеп демалуына арналған жасыл-желекті аймақтар орналасатын болады.

Ташкент көшесін қиып өтетін Батыс қашыртқысында орналасқан көпірді ретке келтіру де қолға алынып, автокөліктерге және жаяу жүргіншілерге арналған көпірлер, көгалдандыру мақсатында ағаштар және темір қорғандар орнатылады.

Айта кетейік, қазіргі таңда Атакент кентінде 1500 орындық мектеп пен заманауи аурухананың құрылысы жүріп жатыр. 20 мыңға жуық тұрғыны бар кенттің маңына «Орталық Азия» халықаралық сауда орталығын құру да жоспарланған. Алдағы уақытта кентке келетін пойыз жол жөнделетін болады.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

АТАКЕНТ КЕНТІНЕ ЕРЕКШЕ МӘН БЕРІЛМЕК

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған