Қазақ тарихында ел мерейін үстем етіп, есімі аңызға айналған дара тұлғалар аз емес. Солардың көш басында – Қажымұқан Мұңайтпасұлы тұр. Ол тек спорт шебері ғана емес, тұтас бір дәуірдің символына айналған қайраткер, ұлт рухының айнасы.

Тарихи деректерге сүйенсек ол, 1871 жылғы 7 сәуірде Ақмола уезі, Қараөткел ауылында дүниеге келген. Мұқан бала кезінен-ақ ерекше күш-қуатымен көзге түседі. Табиғи дарыны мен еңбекқорлығының арқасында ол үлкен спортқа қадам басып, қысқа уақыт ішінде халықаралық деңгейдегі балуан ретінде танылады. Әлемнің әр түкпірінде өткен жарыстарда топ жарып, қарсыластарының осал тұсын дәл тапқан шеберлігімен талай мәрте жеңіс тұғырынан көрінеді. Қажымұқан Мұңайтпасұлы1909 жылы Германияның Кельн қаласында латыш балуаны Вейланд Шульцті жеңіп әлем чемпионы атанды. 1910 жылы Аргентинада, 1914 жылы Парижде тағы да чемпион болды.Осылайша,Қажымұқан атамыз қазақ даласынан шыққан бірнеше дүркін әлем чемпионы атағын  алған, тұңғыш қазақ спортшысы ретінде тарихта қалды.

Қара күштің иесі атанып,  54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған Қажымұқандай мықты XX ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болды.Ресейдің балуандар тобында  да Қажымұқаннан күші асқан ешкім болмаған.  Жеңіс тұғырынан түспеген дара тұлға — қазақтың нағыз хас батыры атанған  бабамызға 1927 жылы  ҚАКСР-і ОАК «Қазақ даласының батыры» атағын  бер.

Қажымұқанның күрес алаңындағы жеңістері – тек жеке жетістік емес, ұлт намысының жеңісі еді. Ол шетелдік ареналарда өнер көрсете отырып, қазақ халқының қайсарлығын, күш-қайратын паш етті. Әрбір жеңісі арқылы ел абыройын асқақтатып, қазақ есімін әлемге танытты.

1937 жылы Қажымұқанның ізіне ІІХҚ қызметкерлері түсіп: «Бұл патшаның адамы, оның қолынан медаль алған, сыйлық алған сыбайласы» — деп қудалауға ұшыратады. Сол себепті Қажымұқан отбасын тастап, Түркістан мен Өзбекстанда бас сауғалайды.

Қажымұқан Мұңайтпасұлының азаматтық болмысы да ерекше құрметке лайықты тұлға. Қиын-қыстау кезеңдерде елге қолдау білдіріп, бар мүмкіндігін халық игілігіне жұмсады. Ұлы Отан соғысы кезінде өзінің өнері арқылы жинаған 100 000 сом қаржыға «Амангелді Иманов» атты ұшақ жасатып, майданға сыйға  тартып, отансүйгіштіктің озық үлгісін танытты.

Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмір жолы – қайсарлық пен табандылықтың мектебі. Ол тағдырдың талай сынына төтеп беріп, биік мақсаттарға жетудің жарқын үлгісін көрсетті. Бүгінгі жас ұрпақ үшін оның есімі – жігердің, сенімнің және еңбектің символы.

Түйіндей айтқанда, Қажымұқан Мұңайтпасұлы – қазақ халқының ғана емес, адамзат тарихындағы бірегей тұлғалардың бірі. Оның есімі уақыт өткен сайын жаңғырып, ұрпақ санасында мәңгілік сақтала бермек.

Жебе Нұрланұлы,

Ақмола облысы білім  басқармасының Жақсы ауданы бойынша білім бөлімі Беловодское ауылының жалпы орта білім беретін мектебі КММ 11 сынып оқушысы.

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАҒЫН АЛҒАН ТҰҢҒЫШ ҚАЗАҚ СПОРТШЫСЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған