Кіріспе
Адам денсаулығы – кез келген қоғамның ең басты құндылығы және ел дамуының негізгі көрсеткіші. Ұлттың болашағы – дені сау, білімді, саналы ұрпақтың қолында. Осыған байланысты қазіргі таңда генетикалық аурулар мәселесі ерекше маңызға ие болып отыр. Генетикалық аурулар – адамның тұқым қуалайтын ақпаратында, яғни гендері мен хромосомаларында болатын өзгерістер нәтижесінде пайда болатын дерттер. Бұл аурулар кейде ата-анадан балаға берілсе, кей жағдайларда сыртқы орта әсерінен туындайды. Сондықтан генетикалық аурулардың себептерін анықтау және олардың алдын алу жолдарын қарастыру – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.

Негізгі бөлім
Генетикалық аурулар әртүрлі болып келеді және оларды бірнеше топқа бөлуге болады: моногендік, хромосомалық және көпфакторлы аурулар. Моногендік аурулар бір ғана геннің өзгеруінен пайда болады. Оларға гемофилия, фенилкетонурия сияқты аурулар жатады. Ал хромосомалық аурулар хромосома санының немесе құрылымының өзгеруімен байланысты болады. Мысалы, Даун синдромы – ең кең таралған хромосомалық ауытқулардың бірі. Көпфакторлы аурулар генетикалық және сыртқы ортаның әсерінен қатар дамиды. Оларға жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті сияқты дерттерді жатқызуға болады.

Генетикалық аурулардың пайда болу себептері сан алуан. Ең басты себеп – тұқым қуалаушылық. Егер ата-аналардың гендерінде ақау болса, ол балаға берілу ықтималдығы жоғары. Сонымен қатар мутациялар да маңызды рөл атқарады. Мутациялар – генетикалық материалдың кездейсоқ өзгеруі, олар радиация, химиялық заттар, вирустар сияқты факторлардың әсерінен пайда болуы мүмкін. Экологиялық жағдайдың нашарлауы, ауа мен судың ластануы да адам генетикасына кері әсерін тигізеді.
Қазіргі таңда генетикалық ауруларды ерте анықтау үшін көптеген заманауи әдістер қолданылады. Соның бірі – пренаталдық диагностика, яғни жүктілік кезінде ұрықтың жағдайын тексеру. Бұл әдіс арқылы дәрігерлер ұрықтың дамуындағы ауытқуларды ерте кезеңде анықтай алады. Сонымен қатар неонаталдық скрининг (жаңа туған нәрестелерді тексеру) де маңызды рөл атқарады. Бұл тексеру арқылы кейбір тұқым қуалайтын ауруларды алғашқы күндерінен-ақ анықтап, дер кезінде емдеу шараларын бастауға болады.
Генетикалық аурулардың алдын алу жолдарына ерекше назар аудару қажет. Біріншіден, отбасын жоспарлау кезінде медициналық-генетикалық кеңес алу маңызды. Бұл болашақ ата-аналарға өздерінің генетикалық ерекшеліктері туралы ақпарат беріп, қауіп-қатер деңгейін анықтауға көмектеседі. Екіншіден, жүктілік кезінде дәрігердің бақылауында болып, барлық қажетті тексерулерден уақытылы өту керек. Үшіншіден, салауатты өмір салтын ұстану – маңызды факторлардың бірі. Дұрыс тамақтану, дене белсенділігі, зиянды әдеттерден бас тарту, экологиялық таза ортада өмір сүру генетикалық өзгерістердің алдын алуға ықпал етеді.
Сонымен қатар қоғамда генетикалық сауаттылықты арттыру да үлкен маңызға ие. Адамдар генетикалық аурулар туралы көбірек ақпарат алып, олардың алдын алу жолдарын білсе, көптеген қауіптің алдын алуға болады. Білім беру мекемелерінде, бұқаралық ақпарат құралдарында осы тақырыпты кеңінен насихаттау қажет.
Қорытынды
Қорытындылай келе, генетикалық аурулар – адам денсаулығына елеулі қауіп төндіретін күрделі мәселе. Олар толық емделмеуі мүмкін, бірақ алдын алу шараларын тиімді ұйымдастыру арқылы олардың таралуын азайтуға болады. Әрбір адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, медициналық кеңестерді сақтауы тиіс. Болашақ ұрпақтың дені сау болуы – бүгінгі ұрпақтың дұрыс таңдауы мен саналы әрекетіне байланысты. Сондықтан генетикалық аурулардың алдын алу – тек дәрігерлердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Еримбетова Гулдана Конысбековна,
Жолдасбек Сүлейменов атындағы №70 жалпы білім беретін мектеп коммуналдық мемлекеттік мекемесінің биология пәні мұғалімі.
