Ж.Сүлейменов атындағы №70 жалпы білім беретін мектепте 06.04–17.04.2026 күндері аралығында «Білім келешегі: жаратылыстану мен математика – адал азаматтың кәсіби маманның іргетасы» атты пәндер апталығы аясында ашық сабақ өткізілді.

Мен, осы мектептің мұғалімі ретінде, 3 «Ә» сыныбында «Анимация және ауысу» тақырыбы бойынша ашық сабақ өткіздім.
Сабақтың мақсаты – оқушыларға слайдтар арасында ауысуларды қолдануды үйрету және презентация жасаудың бастапқы дағдыларын қалыптастыру.

Сабақ басында оқушылармен сәлемдесу жүргізіліп, сыныпта жағымды психологиялық ахуал қалыптастырылды. Оқушылар бейнеролик арқылы көтеріңкі көңіл күйге келтірілді. Кейін оқушылар белгішелер арқылы топтарға бөлініп, сабаққа белсенді қатысуға бағытталды. Өткен тақырып интерактивті тапсырмалар арқылы қайталанып, оқушылардың білім деңгейі тексерілді. Жаңа сабақтың тақырыбы сұрақ-жауап әдісі арқылы ашылып, оқу мақсаттары таныстырылды.
Сабақтың ортасында оқушылар «Анимация және ауысу» тақырыбы бойынша жаңа ақпарат алып, презентацияны безендірудің негізгі ережелерімен танысты. Мұғалім тарапынан мәтіннің ықшам болуы, түстердің үйлесімділігі, бір стильді сақтау және мазмұнға сай суреттерді қолдану туралы түсіндірме берілді.
Топтық жұмыс барысында оқушылар 3 слайдтан тұратын шағын презентация дайындап, оны қорғады. Бұл кезеңде олардың шығармашылық қабілеті мен топпен жұмыс істеу дағдылары дамыды.
Жеке жұмыс кезеңінде әр оқушы компьютерде практикалық тапсырма орындап, слайдтар құрастыру және ауысу элементтерін қолдану дағдыларын жетілдірді. Оқушылар анимация мен ауысу құралдарын тиімді пайдаланып, өз жұмыстарын көркем безендіруге тырысты.
Бекіту кезеңінде ЖИ бейнеролигі арқылы сұрақтар қойылып, оқушылардың тақырыпты меңгеру деңгейі тексерілді. Оқушылар сұрақтарға белсенді жауап беріп, өз білімдерін көрсетті.
Сабақ соңында кері байланыс жүргізіліп, оқушылар өз ой-пікірлерімен бөлісті. Бағалау «білім қоржыны» әдісі арқылы жүзеге асырылып, оқушылар жинаған ұпайлары бойынша бағаланды.
Жалпы, өткізілген ашық сабақ пәндер апталығы аясында жоспарға сай, заманауи әдіс-тәсілдер мен цифрлық технологияларды тиімді қолдану арқылы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Кенжеева Акмарал Мусакуловна,
Түркістан облысы Жетісай ауданы “Ж.Сүлейменов атындағы №70 ЖББМ” КММ информатика пәні мұғалімі .
