Сенат депутаттары Әли Бектаев пен Әлімжан Құртаев жұмыс сапарымен су ресурстарын дамыту бойынша өңірдегі істеліп жатқан жұмыстарды пысықтау, аймақтың биылғы жылғы вегетациялық кезеңге дайындығын білу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласының басқа да мәселелеріне назар аудару мақсатында Жетісай ауданында болды.
Алғашында сенаторлар Ж.Ералиев ауылдық округінде орналасқан «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналына барып, К-28, К-30 Достық магистралды каналдарының жұмыс барысымен және қолға алынғалы жатқан ИДЖЖЖ-3 жобасының жұмыстарымен танысты. Халық қалаулылары өңірдегі өзекті болып тұрған тік дренаж ұңғымаларын жөндеу, сатып алу мәселелеріне тоқталып, шешу жолдарын ұсынды.
Аграрлы өлкенің ең өзекті мәселесі – ағын су. Соңғы жылдары ауданымыздағы егістік алқаптарға «Достық» магистральды каналы арқылы келетін ағын су мөлшерінің тапшылығы орын алуда. 2011 жылы іске қосылған «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналы арқылы ағын су жеткіліксіз болған жағдайда Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су көтеру арқылы қосымша ағын су алу үшін машиналық канал іске қосылады. Ағын су тапшылығы орын алған жағдайда канал Жетісай және Мақтаарал аудандарының 86,7 мың га егістік алқаптарына 250,0 мен 350 млн текше метр қосымша су мөлшерін жеткізіп беруге қуатты. Жетісай және Мақтаарал аудандары бойынша 731 тік дренаж ұңғымалары бар болса, оның 392 Жетісай ауданына қарасты. Бүгінде 82 жұмыс істеп тұр, 77 режимге сәйкес тоқтап тұр, 233 жөндеуді қажет етеді. ИДЖЖЖ-3 жобасының аясында Асықата кенті, Ш.Ділдабеков, Мақталы, Ынтымақ, Ж.Ералиев, Абай, Қызылқұм ауылдық округтерінде орналасқан 210 дана ТДҰ іске қосылады.
Одан соң Парламент сенатының депутаттары аудан әкімшілігі ғимаратының мәжіліс залында аудан шаруаларымен кездесті. Кездесуге сенаторлармен бірге аудан әкімі Мұрат Болатұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің аппарат басшысы Марат Оразайев пен ҚР ЭГТРМ Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағанбетов пен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығы департаменті басшысының орынбасары Ерлан Ильясов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің егіншілік департаменті мелиорация басқармасының басшысы Медет Жәдігерұлы мен «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Мерлан Керімжанов, аудандық мәслихат депутаттары мен аудан әкімінің орынбасары, дербес бөлім басшылары мен шаруа қожалық басшылары, аудандағы кооператив төрағалары мен ауыл шаруашылығы саласының мамандары, диқандар қатысты.
Кездесу барысында аудандық мәслихат депутаттары мен шаруалар тарапынан ауыл шаруашылығы үшін ең қажетті жеңілдетілген минералды тыңайтқыштар мен жанар жағар майдың жеткізіліп берілуінің баяулығы, ағын су тарифінің қымбаттылығы елеулі мәселе екендігін алға тартты.
Сонымен қатар, Жетісай ауданы үшін мал жайылым жердің тапшылығын жою үшін ықпал жасауын сұрады.
Көтерілген мәселе бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің аппарат басшысы Марат Оразайев көктемгі дала жұмыстары үшін жеңілдетілген жанар жағар май шаруалар үшін уақытылы жеткізілгендігін, ал жеңілдетілген минералды тыңайтқыштар бойынша келісім шарттар жүргізіліп жатқандығын атап өтті. Ал, ағын су тарифі бойынша «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Мерлан Керімжанов ағын су тарифінің кодексі бойынша республикадағы барлық өңір үшін ортақ 0,739 теңге/м3 тарифтік жоспардың бекітілгендігін айтып, жинап алынған қаржы есебінен өңірдегі каналдар мен қашыртқыларды механикалық тазалау жұмыстары жүргізілетіндігін түсіндірді.
Басқосу барысында шаруа қожалық басшылары аудандағы «ҚазСуШар» РМК филиалын каналдар мен қашыртқыларды тазалауға қажетті техникалармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді, істен шыққан тік дренаждарды тездетіп қалпына келтіру керектігін алға тартты.
Жиын соңында толық жауабын алмаған мәселелер бойынша сенаторлар Әли Бектаев пен Әлімжан Құртаев елордаға барған соң, ҚР ауыл шаруашылығы министрі мен тиісті сала мамандарын қайта жинап, мәселенің шешілуіне оң ықпал жасайтындығын жеткізді. ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдеріне ерте көктемнен тіршілігін бастайтын оңтүстік өңір үшін арнайы жобалар жасау керектігін баса айтты.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
ШАРУАЛАРДЫҢ ӨТІНІШІ СЕНАТОРЛАРДЫҢ НАЗАРЫНДА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған