Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімі мен аудандық «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық ұйымының ұйымдастыруымен бір топ ардагерлер киелі Түркістан жеріне зиярат жасап қайтты. Ардагерлерді ауданнан Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Асан Маханбетов шығарып салды.
   Түркістан облысының тарихи-мәдени, табиғаты ерекше жерлерін таныстыру мақсатында орта ғасырлық кесенелерге ұйымдастырылған саяхатқа Жетісай ауданының экс-әкімі Жамантай Қанайұлы Бейсенбаев демеушілік жасады. Зияраттың алғашқы күнінде аудан ардагерлері Арыстан баб кесенесінде болды.
Түркістан қойнауындағы Отырар өңiрiнде, сырлы да шерлi, бұл күндерде алыстан мұнартып, ескi дүние жәдiгерлiктерiнiң соңғы тұяғындай болып мен мұндалаған Арыстан баб кесенесі – көне Отырар жеріндегі сәулет өнерінің баға жетпес ескерткіші.
   Түркістан халқының арасында айтылатын аңыз-әңгіме бойынша мұсылман дінін таратушы Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы болған Арыстан баб кесенесі өз қабірінің басына салынған. Кесене дәлізхана, мешіт, құжырхана және азан шақыратын мұнара секілді жеке бөлмелерден құралған. Кесененің ең көне бөлігі – қабірхана. Қазір де оның едені басқа бөлмелермен салыстырғанда едәуір биік. Қабір үстіне алғашқы белгі XII ғасыр шамасында салынып, XIV ғасырда қайта жөнделген. Араға алты ғасыр салып, яғни, XX ғасырдың басында Арыстан баб кесенесі жергілікті халықтың қаражатымен күйдірілген кірпіштен ауданы 35х12 метр, биіктігі 12 метр етіп, бұрынғы Меккеге қараған есігі Түркістанға, Әзірет Сұлтан кесенесіне бағытталып, солтүстік жағы кесене, оңтүстік жағы мешіт есебінде қайта жөнделген. Дәліз-қақпа маңдайшасына мәрмәр тақта қаланып, бетіне һижра бойынша 1327 жыл, яғни, соңғы құрылыс жүрген уақыт деп көрсетілген.
Қазақтың маңдайалды 21 ханы мен 8 сұлтаны, 23 биі мен 59 батыры жерленген топырақта болған жетісайлық ардагерлер құрбандық шалып, етін осы өңірдегі аз қамтамасыз етілген, әлеуметтік қолдауды қажет ететін көпбалалы отбасыларға таратты. Дүниеден өткендердің рухына құран бағыштап, елдің ынтымағы мен берекесін, әлемді әбігерге салған індеттен ертерек арылуды тіледі. Науқастанған жандардың дертіне Алладан шипа сұрады.
                                                                                                                             Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
ЖЕТІСАЙЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КИЕЛІ МЕКЕН ТҮРКІСТАНҒА ЗИЯРАТ ЖАСАДЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған