Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Жетісай қаласының тұрғыны 95 жасар Қыздаркүл Оңалбекова жалпыұлттық санаққа онлайн режимде тіркелді. Әжейдің отбасымен онлайн тіркелуін Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлері мен Жетісай аудандық статистика басқармасының басшысы Жұмабек Әбсаттаров, басқарма қызметкерлері жүргізді.
    Өткен жылы өткізілуі жоспарланған санақтың әлемдегі эпидахуалға байланысты биылға, яғни, 2021 жылға қалдырылғанымен тұрғындардың белсенділігі жақсы. Бүгінде әжей 9 перзенттің ардақты анасы, 45 немере мен 22 шөберенің сүйікті әжесі. Қыздаркүл әжей де сондай белсенділердің бірі. «Санақтың жүргізілуі құптарлық іс. Өйткені, өмірде есепсіз ештеңе болмайды, бәрінің есебі жүруі керек. Есепке алынған соң соған қарап мектеп, балабақша, аурухана, үй салады. Оның несі жаман. Бәрі де өзіміздің игілігіміз үшін ғой» дейді батыр ана.
  Халық санағы – белгілі бір уақыт шеңберінде бүкіл елдің халқының немесе оның бір бөлігінің демографиялық, экономикалық, әлеуметтік сипаттағы ақпаратын жинау, өңдеу, жариялау, тарату мақсатындағы жалпымемлекеттік статистикалық шаралар.
    «Дәстүрлі санақ кезінде өзін санақшы ретінде таныстырған өкілдің арнайы бейджигі және ондағы қойылған басқарма басшыларының қолы мен мөрі болуы шарт, бұл арқылы алаяқтықтардан сақтануға болады. Бұдан бөлек, халық sanaq.gov.kz сайты арқылы 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін онлайн режимде өтуге де болады. Пандемия кезінде онлайн түрде санақтан өту бәріміз үшін қауіпсіз, әрі уақытты үнемдеуге зор мүмкіндік. Арнайы сайт арқылы отбасынан бір адам ЖСН-і бойынша бүкіл отбасын онлайн тіркеуге болады. Оған қоса, Қазақстан Республикасының кез-келген тұрғыны санақ бойынша қосымша мәлімет алу үшін «1446» байланыс орталығына хабарласа алады» дейді Жетісай аудандық статистика басқармасының басшысы Жұмабек Әбсаттаров.
  Айта кетсек, ағымдағы жылдың 1-қыркүйегінен бастап Қазақстанда халық санағы басталды. Санақ 30 қазанға дейін созылады.
   Бұл санақ бойынша азаматтарға сауалнама парақтарын онлайн режимде толтыру немесе үй – үйді аралау кезінде офлайн толтыру мүмкіндіктері қарастырылған.
   1-қыркүйектен бастап sanaq.gov.kz арнайы сайты жұмысын бастады. Сайт арқылы тұрғындар 15 қазанға дейін онлайн режимде санаққа қатысып, барлық сұрақтарына жауап ала алады. Жүйе тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады. Ал, дәстүрлі жалпы аралау санағы 1-30 қазан аралығында жүргізіліп, ол белгіленген мерзім ішінде санақтан онлайн режимде өтпеген респонденттер арасында жүзеге асатын болады. Дәстүрлі кезеңнің жаңашылдығы интервьюерлердің үй аралау кезінде электронды планшеттерді пайдалануы болмақ. Бұл санақ жүргізетін қызметкерлердің еңбек шығынын төмендетуге, мәліметтер сапасына адам факторының ықпалын азайтуға, ЖСН енгізе отырып, санақ мәліметтерінің нақтылық деңгейін арттыруға, қағаз бен кеңселік құралдарды айтарлықтай үнемдеуге, сондай-ақ, интервьюерлер үшін қолайлылық пен олардың жинақылығын арттыруға мүмкіндік береді. Санақ кезінде мәліметтер жинау үшін сәйкестендіргіш ақпарат ретінде сауалнамаға қатысушының ЖСН-i қолданылады. Бұл жүйе ақпараттың қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА БІР ОТБАСЫНАН 20 АДАМ ОНЛАЙН САНАҚТАН ӨТТІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған