Адам мен табиғат – егіз ұғым. Адамзат баласының амандығы мен ұрпағының келешегі табиғаттың тазалығымен, қоршаған ортаның сақталуымен тығыз байланысты. Осы ұстанымды басшылыққа ала отырып, бүгінде елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» атты жалпыхалықтық экологиялық акция аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Жетісай ауданы да бұл бастамадан шет қалмай, қоршаған ортаны қорғау бағытында бірқатар нақты қадамдар жасап келеді. Аудан әкімдігінің үйлестіруімен өңірді абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалықты сақтау, арық-атыздарды қалпына келтіру және тұрмыстық қалдықтарды азайту бағытында нақты шаралар қолға алынып отыр.

Аудан аумағында ұйымдастырылған жалпыхалықтық сенбілік жұмыстарына мыңға жуық адам қатысып, туған жердің тазалығы үшін бір кісідей жұмылды. Оның ішінде 200-ге жуық адам – мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, ал қалған 800-ден астамы – ерікті жастар мен қарапайым тұрғындар.

Аудан тұрғындарының белсенділігі мен табиғатқа жанашырлықпен қарауы – экологиялық сананың артқанын көрсетеді. Осы орайда аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов табиғатты қорғауға бағытталған шаралардың маңыздылығына ерекше тоқталып, «Тазалық – саулық негізі. Туған жердің тұмса табиғатын көздің қарашығындай сақтау – әр азаматтың парызы. Сондықтан бұл игі іске тек мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, барлық тұрғындар, жастар, еріктілер, қоғамдық ұйым өкілдері белсене атсалысуда. Біз тазалықты өз ауламыздан бастасақ, ұрпағымызға үлгі бола аламыз», – деді.

Осындай белсенді іс-әрекеттерімен Жетісай жұрты «Таза Қазақстан» экологиялық шарасына ұйымшылдықпен үн қосып, туған жерінің көркеюіне, экологиялық тазалығына өз үлестерін қосуда.

Өз тілшімізден.

Жалпыхалықтық экологиялық акция аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған