30 жылдық түлектер туған мектебіне 60 түп шырша отырғызды.

Осы орайда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Н. Исмайлов атындағы №45 жалпы білім беретін мектептің 1996–2026 жылдардағы түлектері туған білім ордасына тарту жасады.

Уақыт зымырап өтеді. Кеше ғана мектеп қабырғасында білім алған түлектер бүгінде елге қызмет етіп жүрген азаматтарға айналды. Алайда қанша жыл өтсе де, туған мектепке деген сағыныш пен құрмет жүректен өшпейді.

Биыл наурыз айында 30 жылдық түлектер мектеп ауласына 60 түп шырша отырғызды. Бұл – жай ғана көшет егу емес, туған мектепке деген құрметтің, кейінгі ұрпаққа деген қамқорлықтың жарқын көрінісі. Бүгін отырғызылған әрбір шырша ертең мектеп ауласының көркін келтіріп, балаларға сая болады.

Игі істің бастамашысы әрі ұйымдастырушысы – Жетісай аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, тергеу бөлімшесінің бастығы, полиция полковнигі Құлмырзаев Қуаныш Пернебайұлы. Оның ұйытқы болуымен 30 жылдық түлектер қайта бас қосып, өздері білім алған алтын ұяларына осындай бағалы тарту жасады.

Сол күні мектеп ауласында ерекше жылылық сезілді. Қолдарына күрек ұстаған түлектер бір-біріне көмектесіп, балалық шақтарын еске алып, жасыл желек отырғызуға белсене қатысты. Шараға ұстаздар мен оқушылар да атсалысты. Бұл – аға буын мен жас ұрпақ арасындағы сабақтастықтың, туған жерге деген жанашырлықтың тамаша үлгісі.

Мектеп директоры Сейдеханов Нүркен Жалалұлы игі іске атсалысқан түлектерге алғысын білдіріп:

«Туған мектепке деген сүйіспеншілік жүректен шығады. Бүгін отырғызылған 60 шырша – ертеңгі ұрпаққа қалатын жасыл мұра. Осындай игі істі қолға алып, туған мектебіне қолдау көрсеткен барлық түлектерімізге шексіз алғыс айтамыз», – деді.

Н. Исмайлов атындағы №45 жалпы білім беретін мектеп ұжымы атынан 1996–2026 жылдардағы барлық түлектерге, әсіресе осы игі істің ұйытқысы болған Қуаныш Пернебайұлына шынайы ризашылығымызды білдіреміз!

Туған мектебін ұмытпай, оның көркеюіне үлес қосу – нағыз азаматтықтың белгісі. Өйткені таза Қазақстан туған жерге жанашырлық танытудан, туған мектептің ауласын таза ұстап, жасыл желекке айналдырудан басталады.

Сейдеханов Нүркен Жалалұлы,

Н. Исмайлов атындағы №45 жалпы білім беретін мектептің директоры

ТАЗА ҚАЗАҚСТАН – ТУҒАН МЕКТЕПКЕ ТАҒЗЫМ!

Добавить комментарий