Психологиялық роман табиғатының өзі жеке адам тағдырын екі әлем, сұлулық пен ұсқынсыздық, саналы мен бейсаналы, өмір мен өлім, т.б арасындағы ымыраға келмейтін күрес пен мәңгілік құндылықтар жайында ой қозғауға мәжбүр етеді. Бұл – психологиялық туындыға қойылар басты шарттың бірі. Көркем шығармадағы психологизмнің табиғатын танытар: «Психологиялық талдаудың тәсілдері сан алуан, – деп атап көрсетеді Л.Гинзбург, -атап айтсақ, автордың өз толғаныстары немесе кейіпкердің өз-өзін талдауы, рухани әлемді бейнелеудің жанама тәсілдері – ым мен ишараттар, сыртқы қимыл көріністері т.б. бәрі автордың аналитикалық талдауы арқылы беріледі. Олардың ішіңде кейіпкердің ішкі монологы, ішкі сөзі ерекше орын алады».
Демек, автордың өз толғаныстары немесе кейіпкердің өзөзін талдауы ішкі монолог, ішкі сөз, сана тасқыны, түс көру секілді аналитикалық принцип арқылы берілсе, рухани әлемді бейнелеудің жанама тәсілдері – сыртқы қимыл көріністері, көркемдік деталь, заттық әлем, психологиялық орта т.б. динамикалық принцип ретінде көрінеді. Алайда осынау күрмеуі
қиын күрделі мәселенің шешуі – қай жазушының өз кейіпкерінің ішкі өміріне, рухани әлеміне қалай енуі арқылы көрінеді. Міне, осы жерде олардың өзіндік, стильдік ерекшеліктері айқындалады. Адамның мінез-құлқын, кісілік келбетін, табиғи болмыс бітімін, жан-жүйені сана түкпіріндегі ессіздік психикасымен тікелей байланыста қарайтын жан талдау – психологиялық романның ең басты қолданатын көркемдік тәсілі.
Адам табиғатына тән жұмбақ жаратылысты, ой мен сезім арасындағы қайшылықтарды, көп қабатты қалтарыстар мен ісәрекеттердегі күтпеген құбылыстарды қадағалай зерттеу – психолог жазушының төл міндеті. Адам жанын жете әрі тереңдей зерттейтін адамтану ғылымы, сөз өнері А.Байтұрсынов анықтап берген үш негізге сүйенеді:
1. Ақылға. 2. Қиялға.3. Көңілге.
Ақыл ісі – аңдау, яғни нәрселердің жайын ұғу, тану, ақылға салып ойлау, қиял ісі-меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бернесіне ұқсату, бернелеу, суреттеп ойлау, көңіл ісі-түю, толғау». Осы аталған үш негіз – адамның жан жүйесін, (Ж.Аймауытов) санасын зерттейтін жазушылардың негізгі объектісі.
Ақыл, қиял, көңіл терең зерттелмей, адам табиғаты жан-жақты танылып, оның ішкі жан дүниесіне тереңдей ену мүмкін емес. Адамның көзбен көріп, құлақпен естігені санада сүзгіден өтіп, мидағы сигнал, еріксіз іс-әрекет арқылы сыртқа сезіледі.
Сонымен қатар психологизмнің өзіндік көркемдік әлемі, яғни поэтикасы бар. Ең біріншіден, психологизмнің бейнелеу тәсіліне психологиялық талдау мен өз-өзін талдау жатады.Психологиялық талдауда бейтарап (үшінші жақтан) баяндаушы әңгімелесе, өзін-өзі талдау – көбіне бірінші жақтан баяндалады. Десек те, психологизмнің ең алдыңғы қатарда тұратын тәсілі – ішкі монолог. Жалпы шынайы көркем туындыға тән өмірлік шындықты көркемдік тұрғыдан нанымдылықпен бейнелеп, тануда, шығарманың эстетикалық әлемін айқындауда әдеби психологизмнің атқарар ролі зор.
Әдебиеттегі психологизм – динамикалық, аналитикалық және синкреттік болып бірнеше түрге бөлінеді. Бұлардың бәрі көркем шығармаға тән бейнелеу құралдары. Сол себепті де психологиялық прозаның басқа жанрлық түрлерден қандай айырмашылықтары бар деген қарапайым сауал туары сөзсіз. Және жанрдың өзі – өнердің көп қырлы, жан-жақты категориясы. Онда әдебиеттің әр түрлі әдістері мен көркемдік құралдары көрініс табары хақ. Ал, жанрға тән нақтылық – шығарманың белгілі бір жанр аясында жазылатындығы.
Психологиялық шығарманың өзіне ғана тән жанрлық ерекшеліктері төмендегіше айқындалады: Біріншіден, психологиялық прозада оқиға, кейіпкер, кезең, уақыт, тақырып, идея т.б. деген мәселелер алдыңғы сапқа шыға қоймайды. Ол талап та етілмейді.
Екіншіден, мұнда ең бастысы – жеке адамның ішкі өмірі, өмір мен өлім арасындағы кезеңде адамзат бастан кешетін азапты тағдыр тәлкегі, кейіпкердің күрделі тұлғаға айналуы көркемдік назарға алынады. Шығармада шым-шытырық оқиғалар тізбегінен гөрі жеке адам санасындағы сапалық өзгеріс, рухани қопарылыс, ішкі сезімдік құбылыстар тереңдетіле талданады.
Үшіншіден, психологиялық прозаның эстетикалық,көркемдік әлемі өзінің жанрлық, көркемдік, стильдік талабына сай жеке санада жүріп жатқан ой мен сезім қайшылықтарын, сөз бен іс сәйкессіздіктерін тереңдеп талдап, көркемдік жүйеде саралайды. Психологиялық бейнелеу құралдары: Бірінші – психологиялық бейнелеудің «тура» («прямой») түрі, бұл кейіпкердің жан дүниесін көркемдік таным тұрғысынан танып-білу, яғни ішкі сөз, қағытпа (репликалар) түрі, өзін-өзі бақылау, ойша елестету, ішкі монолог, еске алу және елестету т.б. арқылы психологиялық талдау жасау. Ішкі монолог – (іштей ойлау)
Екінші – психиканы бейнелеудегі сыртқы психологиялық қимыл-көріністерге – ым мен ишараттарға мән беру, оның басқа да түрлерін қолдану болып табылады. «Мимика дегеніміз- жан сырының дене арқылы сыртқа білінуі (бас изеу, күлу, жылау сықылды). Мимика-ішкі сезім тілі. Ж.Аймауытов «Психология» атты еңбегінде мимиканы-беттің ымы,ымдасу пантомимо деп бастың, кеуденің, қол-аяқтың әлпетті қозғалыстарын атады. Мимикаға келбет ілімі деген қазақша атау берді. Кез-келген көркем шығармада адам тұтас бейнеленеді. Негізі, көркем әдебиеттегі кейіпкердің көңіл-күйін, психологиялық жағдайын дәл және нанымды бейнелейтін көркем деталь, сыртқы қозғалыс көріністері «сөйлемей» адам толық және тұтас бейнеленбейді. Сондай-ақ, әрбір адамның физиологиялық, физиономиялық ерекшелігіне сай ешкімге ұқсамайтын өзгешелігі, атап айтсақ, кескін-келбеті, дене құрылысындағы айрықша белгісі, қозғалысы, киім киісі, тіпті олардың ұстанатын тұрмыстық, заттық әлемі де өзгеден ерекше болып тұратыны т.б оның табиғи ерекшелігін айқындары хақ. Тегінде кейіпкер келбетіндегі әрбір әжім-сызықтан сыздықтатып сыр ашу, астары қалың ой айту шын шеберліктің шыңы.
Үшінші – осы екі тәсілді тұтастандыра беретін авторлық психологиялық баяндау. Негізі психологиялық шығарманың жанрлық, стильдік ерекшелігін ашатын көркемдік бейнелеу құралдары – ішкі монолог, монолог, ойлау, қиялдау, ой-түйсік, ес, еске алу, елес, елестету, түс-сандырақ, өзін-өзі бақылау мен өзін-өзі талдау, жанама мінездеу, заттық әлем, көркемдік деталь т.б. сияқты психология ғылымына да тән категориялар.
Көркем прозадағы заттық әлем, оның жанды (өмір сүру қабілеті бар табиғат туындылары) және жансыз (адам қолынан жасалған бұйымдар – киім-кешек, үй жиһаздары, күнделікті тұрмысқа аса қажетті құрал-саймандар т.б.) болып бөлінетін көркемдік бөлшектерінің қызметі шығармадағы өмір шындықтарын, тарихи кезеңді, әлеуметтік ортаны, мезгілмекенді нақты бедерлейді.Заттық әлем – ең бастысы кейіпкердің табиғатын, талғамын, тұрмыс-тіршілігін, мінезін нанымды бейнелеуге дәнекер болады. Сонымен, психологизмнің бейнелеу құралдарын (монолог, ішкі монолог, ішкі диалог, көпүнділік, сана тасқыны, өзін-өзі талдау, түс көру тәсілі, жанама мінездеу, заттық әлем т.б) жүйелей келгенде түйеріміз З.Фрейдтің айтқанындай: «психологияны талдау – әдебиеттің міндеті». Негізі, көркем шығармада үздіксіз психологиялық талдау жасалынбаса «адамның ойына өң беріліп, көңіліне күй түсірілмейді» (А.Байтұрсынұлы). Адам өмірі сөз болған жерде оның табиғи жаратылысы, оған тән табиғи сезімдік құбылыстар міндетті түрде суреттелері хақ. Кейіпкердің мінез- болмысы, жеке тұлғалық табиғатының тосындығы тап осы психологиялық ерекшелігі тұрғысынан танылады. Характер-мінез, сөз жоқ, психологиялық құбылыс. Кейіпкердің өзгеге ұқсамайтын психологиялық болмысы оның характерін ашады. Сондықтан да кейде характер мен психология синоним сөздер санатында да жүре береді.
Әдебиеттер тізімі
1. Байтұрсынұлы, А. Әдебиет танытқыш. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 208 б.
2. Аймауытов, Ж. Психология. – Алматы: Рауан, 1995. – 272 б.
3. Гинзбург, Л. О психологической прозе. – Москва: Советский писатель, 1971. – 364 с.
4. Фрейд, З. Толкование сновидений. – Москва: Республика, 1999. – 656 с.
5. Нұрғалиев, Р. Көркемдік дәстүр және жалғастық. – Алматы: Жазушы, 1985. – 304б.
6. Қабдолов, З. Сөз өнері. – Алматы: Қазақ университеті, 2002. – 352 б.
7. Әбдірашев, Ә. Қазақ прозасындағы психологизм мәселелері. – Алматы: Қазақ университеті, 2010. – 210 б.
8. Елеукенов, Ш. Замандас парасаты. – Алматы: Жазушы, 1987. – 278 б.
Абдуллина Нуршат Кылышбековна
Астана қаласы
№103 жалы орта білім беретін мектеп
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
