Түркістан қаласындағы құрылыс барысын бақылаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бірқатар көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс басында болды. Аймақ басшысы құрылыс барысында ең алдымен сапаға басты назар аударуды мықтап міндеттеді. Жұмысшылармен кездескен облыс басшысы қолға алынған жұмыстарды дер кезінде, белгіленген кестеге сәйкес аяқтауды жүктеді. 
Түркістан қаласында былтырғы жылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны 12 мыңнан асқан. Осы бағытта жаңа әлеуметтік үйлердің қатарын көбейту жоспарланған. Өткен жылдың соңында кезекте тұрған 440 мұқтаж азаматтарға пәтерлер тапсырылды. 534 пәтер несиемен рәсімделіп берілсе, 7 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 336 пәтер «Отбасы банкі» арқылы пайдалануға берілген.
Қала бойынша 46 көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін жыл соңына дейін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Бүгінгі таңда әкімшілік-іскерлік орталығындағы 77 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл ретте құрылыс жұмыстары аяқталғаннан соң, кезекте тұрған азаматтарға 2021 жыл соңына дейін 730 пәтерлерді табыстау жоспарлануда.
Қаланың жарықтандыру мен автокөлік жолдарын күрделі жөндеуден өткізу бағытында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, қала ішінде 10 шақырымға күрделі жөндеу жүргізіліп, 200 шақырымды құрайтын 140 көше жарықтандырылды. Бұнымен қоса орташа жөндеу жұмыстары (асфальт төсеу) 100 шақырымға, яғни 81 көшеге жүргізіліп, аяқ жолдар салынды.
Түркістанның Бас жоспарына сәйкес, асфальт төселмеген көшелерге сарқынды су мен газ құбырларын тарту, шағал тас төсеу, жаяу жүргіншілер жолын салу да көзделген. Инфрақұрылым жүйесі толық аяқталған 21 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қаланың барлық негізгі көшелерін жарықтандыру жүйесімен қамту көзделуде.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
ТҮРКІСТАНДЫҚ 700-ДЕН АСТАМ ОТБАСЫ ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.