Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Шардара ауданына жұмыс сапарымен барып, тыныс – тіршілігімен танысты. Өңірдегі маңызды жобалардың бірі – Жаушықұм алқабын суландыру. Шаруалармен кездескен облыс басшысы облыста аумағында жаңадан айналымға қосылатын суармалы жерлердің арттыруына аса мән берілетінін айтты. Аймақ басшысы Жаушықұм массивіндегі 12 мың гектардан астам алаңдағы су таратқыш және сорғы станциясын қайта құру жобасын пысықтады. Суармалы жердің қосылуы нәтижесінде 2,5 мың га жерге көкөніс, 2 мыңдай гектарға картоп, 3 мың гектардан астам жерге бақша, мың гектардан астам алқапқа сүрлемдік жүгері, 3 мың га аса жерге жоңышқа егіліп, жыл сайын 11 млрд . теңгеге 523 мың тонна көлемінде азық – түлік және мал азықтық өнімдері өндірілетін болады. Сонымен қатар 12500 адамға тұрақты жұмыс орындары ашылады. Аталған мәселе министрлік тарапынан қолдауды қажет етеді.
«Мемлекеттік бағдарламалар арқылы ауыл-аймақтың әлеуеті арта түсуде. Түркістан облысы аграрлық аймақ саналатындықтан және ауыл шаруашылығының болашағы жердің сапасы мен құнарлығына тікелей байланысты болғандықтан, аталған мәселені шешу маңызды», – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Облыс әкімімен кездескен ауыл диқандары екі айда пісетін қарбыз бен болгар бұрышын еккен. Шаруалар 1 гектардан 1,5 млн теңгеге дейін табыс табатындарын айтты. Соңғы жылдары ауданда күріш өсіру мықтап қолға алынған.
Облыс басшысы 40 жылдан астам уақыт бұрын қабырғасы қаланған «Шардара» мектеп – лицейін аралады. 6 мың шаршы метрге жуық жерде орналасқан білім ұясы күрделі жөндеуді қажет етеді. Ол үшін 350 миллион теңгеден астам қаражат қажет. Мектепте 1500 ден астам жуық оқушы оқиды. Білім ұясын аралап шыққан облыс басшысы мәселені мақұлдады.
Өмірзақ Шөкеев Шардара қаласындағы жедел жәрдем станциясы бар, ауысымында 150 келушіге арналған аудандық емханаға жапсарлас салу ғимаратының құрылысымен танысты.
Облыстық бюджеттен қаржыландырылған құрылыстың
сметалық құны – 1 млрд 715 млн теңгеден асады. Созбалаңға салынған істі сынға алған Өмірзақ Естайұлы жауаптыларға жұмысты ширатуды тапсырды.
Облыс басшысына сондай-ақ, Шардара қаласының Абай, Қызылжар шағынаудандарын кварталішілік газ жүйелерінің құрылысы бойынша баяндалды. Жобаның сметалық құны – 767 млн теңгеден асады. Республикалық бюджеттен биыл 300 млн қаржы қаралған. Жоба бойынша шағынаудандардағы 8 мыңға жуық тұрғын газбен қамтылады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
ШАРДАРА АУДАНЫНДА КҮРІШ ӨСІРУ ІСІНЕ ЕРЕКШЕ КӨҢІЛ БӨЛІНБЕК