Түркістан облысында 15000 мыңға жуық адамға «Covid-19» індетіне қарсы екпенің 1-компоненті егілді. Оның ішінде 12 мыңға жуық медициналық қызметкер болса, 2 мыңға жуық мұғалімдер мен 500-ге жуық полиция қызметкерлері бар. Өңірде бүгінгі таңда екінші компонентпен 8103 адам вакцина салдырды.
Соңғы тәулікте Түркістан облысында 12 адамда COVID-19 індеті анықталды. Тәуліктік өсім 0,26 % құрайды. Жалпы облыста пандемия белең алағалы 600 мыңға жуық ПТР- сынамалары алынған. Ал, соңғы тәулікте зертханаларда 2276 адам тексерілген. Жұқпалы аурулар ауруханасында барлығы 610 орын бар, олардың 392-сі бос.
Аймақта бүгінде жалпы 23 мыңнан аса медицина қызметкері бар. Оның 5000-нан астамы дәрігерлер, қалғандары орта буын мамандары. Ақ халатты жандардың ерен еңбегінің арқасында өңірде қауіпті індетті жұқтырған 4392 науқас толық жазылып шықты. Жалпы, пандемия басталғалы Covid-19 инфекциясы расталған 4569 жағдай тіркелді. Олардың 2920-да ауру симптомсыз өткен болатын.
Сонымен қатар, Түркістан облысына қарасты вакцина сақтайтын қоймасына көлемі 601 литр құрайтын 2 мұздатқыш жеткізілді. Ал облыстық бюджет есебінен көлемі 143 литр құрайтын 20 мұздатқыш алынған. Вакцинация жүргізуге арналған 65 пунктер толық тоңазытқышпен жабдықталған. Бұдан бөлек, вакцинаны тасымалдайтын көлемі 50 литр құрайтын 38 термоконтейнер толық қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 77-бабына сәйкес, кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакцина салу тек адамның келісімімен ғана жүзеге асады. Вакцинадан бас тартқандар әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, екпе егердің алдында сіз арнайы параққа қол қою арқылы вакцинадан бас тартып немесе салдыруға келісім бересіз.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 15 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМҒА ЕКПЕ ЕГІЛДІ