Жетісай ауданының білім бөліміне қарасты «№14 Н.Оңдасынов атындағы жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде өткен 2025 жылғы 30 қаңтарда өткізілген қазақ тілі және әдебиеті пәнінен «Менің атым Қожа» тақырыбындағы ашық сабақ оқушыларға терең білім мен тәрбие беруге бағытталған маңызды шара болды.

Сабақтың мақсаты әдеби шығарманың тақырыбы мен идеясын анықтау болатын. Оқушылар шығарманың негізгі идеясы мен оның өзектілігін түсініп, шығармашылық тәсілдер арқылы өз ойларын еркін жеткізді. Үй тапсырмасында «Wordwol» платформасы арқылы «Тұлғаны таны» әдісімен ізденген ақпараттарын талқылады, бұл оқушыларға әдеби шығарманы тереңірек түсініп, ой елегінен өткізуге мүмкіндік берді.
«Галереяға саяхат» әдісі арқылы шығарма идеясын ашу жұмыстары өте қызықты әрі пайдалы болды. Бұл әдіс оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып, оларды топтық жұмысқа баулыды. Сонымен қатар, шығарма мен кинофильм арасындағы байланыс арқылы оқушыларды түрлі көзқарастарға үйретуге мүмкіндік туды. Әртістермен сәйкестендіру оқушылардың визуалды ойлау қабілетін дамытуға көмектесті.
Сабақты бекіту кезінде «Егер де» әдісі арқылы қазіргі таңда Қожа секілді балалармен мектепте жұмыс жасайтын ұйымдар туралы пікірталас жүргізілді. Бұл әдіс балалардың өз пікірлерін ашық білдіріп, күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе, ашық сабақ барысында оқушылар Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы арқылы адам өміріндегі тәрбиенің, білімнің, және ортаның рөлін терең түсініп, адамның тұлғалық қалыптасуына ықпал ететін факторларды ашып көрсетті.
Усербаева Тамара Алмахамедовна — білім саласында еңбек еткен мұғалім, өз ісінің нағыз маманы, шәкірттерінің жүрегінде орын алған ұстаз. Тамара Алмахамедовна өзінің әділдігімен, білімге деген сүйіспеншілігімен, шәкірттеріне берген тәрбие мен білімінің арқасында көпшіліктің құрметіне бөленген ұстаз.
Оның оқытушылық қызметі, шәкірттеріне білім беру мен тәрбиелеудегі жанашырлығы мектеп ұжымында үлкен беделге ие. Тамара Алмахамедовна өз пәнін терең меңгеріп, әр сабақта оқушыларға тек теориялық білім ғана емес, өмірлік тәжірибе де береді. Оның әрбір сабағы — шеберлік, жауапкершілік, және ұстаздық ізденістің нәтижесі.
Сізге шығармашылық табыс, шәкірттеріңіздің алғыс-мақтауларын естіген сәттер көп болсын!
Баян ТАКЕНОВА,
«Бекет» газетінің редакторы.