Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, қоғам қайраткері, «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің, Халықаралық «Алаш» сыйлығының және бірнеше әдеби сыйлықтардың иегері, жерлесіміз, ақын Қазыбек Иса бір топ әріптестерімен бірге 20 наурыз күні шежірелі һәм шағалалы өлкеге арнайы ат басын тіреді. Жерлесіміз аталған сапары барысында аудан орталығындағы «Абай» мәдениет сарайында жергілікті халықпен кездесу өткізді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев, «Ақ жол» партиясы Шымкент қалалық филиалының жетекшісі Ә.Әбжанов, аудан тұрғындары, «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестік» мүшелері – жергілікті ақындар қатысты. Кездесуді «Ақ жол» партиясы Шардара аудандық филиалының жетекшісі Ә.Айдаров жүргізіп отырды.
   Кездесу барысында алғаш болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев жиналған көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтай келе елімізде жүзеге асырылып отырған саяси шараларға, соның ішінде демократиялық, көппартиялық мәселелерге кеңінен тоқталып өтті.
   Келесі кезекте сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты Қ.Иса жерлестерімен кездесуге қуанышты екендігін білдіре отырып, «Ақ жол» партиясының сайлауалды бағдарламаларының қалай жүзеге асып жатқандығын жатық тілмен жеткізді.
   –Кешегі сайлауда бізге сенім артып дауыс бергендеріңіз үшін алғыс айтамын. «Ақ жол» партиясы әрдайым сіздердің сенімдеріңізді ақтайды деп сеніммен айта аламын. Қайта жасақталған Парламент өз жұмысын бастағалы бері біздің әріптестеріміз бірнеше депутаттық сауалдар жолдады. Біздің көтеріп отырған мәселеміздің халықтың көңілінен шығып жатқанын баспасөз беттерінен, әлеуметтік желілерден оқып-біліп отырмыз.
    Қазақ топырағындағы тұңғыш партия – «Алаш» партиясы өкілдерінің еңбектерін зерттеу, тарихи тұлғаларымызды тани білу мәселесі күн тәртібінен түспейді. Жер мәселесін түбегейлі шешу туралы ұсынысымыз қолдау тапты. Мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілінің мәртебесін көтеру туралы да көптен бері айтып келеміз. Атажұртқа оралғысы келетін шетелде тұратын қандастарымыз үшін көші-қон үдерісін дамыту, осы мәселе төңірегіндегі қағазбастылықты жою туралы ұсыныстарымыз Үкіметте қаралып жатыр. Бұлардан бөлек әрбір салаға байланысты заңдарға толықтыру, өзгерістер енгізуді жоспарлап отырмыз. Мақсатымыз – қазақтың көсегесінің көгеруі, көк байрағымыздың көк аспанда биік желбіреуі. Мақсатымыздың іске асуына қолдау білдіріп отырған сіздерге тағы да алғыс айтамын,-деді Қ.Иса.
  Мұнан кейін тұрғындар көкейлерінде жүрген сауалдарға Парламент Мәжілісінің депутаты тарапынан тұщымды жауаптар алды.
   Жерлесіміз ауданымызға сапары барысында осыдан 7 жыл бұрын құрылған «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестіктің» жұмысымен танысып, ұйымның атқарып жатқан істеріне оң бағасын берді. Шара аясында аталған бірлестіктің төрағасы, «Өскен өңір» газеті бас редакторының орынбасары Сәбит Лаханов бірлестік тарапынан осыған дейін жүзеге асырылған жұмыстарға шолу жасап өтті. Жылы шырайлы жүздесуде Қызылқұм ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабай Есімов, жергілікті ақындар – Нұрғали Ыбырайым, Қасқыр Серікбайұлы, Құрманбек Шәметов, Жүсіпбек Тілеубергеновтер жерлесімізге деген ізгі тілектерін жыр жолдарымен білдірді. Астанадан ат арылтып келген ақын ағамыз бірлестік мүшелеріне шығармашылық табыс тілей отырып, бірлестіктің белсенді мүшесі, жыршы-термеші, ақын Әбдіғаппар Айдаров пен ұйым төрағасы Сәбит Лахановтарға «Қазақ хандығының 550 жылдығы» медалін табыс етті. Осы күні бірлестікке жаңадан мүше болып қабылданған болашақтарынан зор үміт күттіретін жастар ақын ағаларының қолынан мүшелік куәлік алды.
ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ ТУҒАН ЖЕРІНЕ ІС-САПАРМЕН КЕЛДІ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған