«Көп адам менен боз кілемге қайта ораласың ба деп сұрайды. Достар, бұл сұрақты өзіме де бір емес бірнеше рет қойғанмын. Мен бұл күннің келетінін әрқашан білетінмін және оны ойласам бойымды қорқыныш билейтін. Күндердің күнінде «Болды, мен мансабымды аяқтадым» деп айтуым керек екенін түсіну ауыр көрінді. Енді, міне, осы сәт жеткенде мен ұзақ ойландым… Өйткені, менің бүкіл өмірім күреспен тығыз байланысты болды және одан тыс өмірді елестете алмаймын. Бала кезімнен күрес менің басты серігім және тәлімгерім болды. Ол маған спорт пен өмірде табанды болуды үйретті. Мен бұл іске 20 жылдан астам уақытымды жұмсадым. Ал күрес өз кезегінде маған медальдар мен атақтардан гөрі көп нәрсе берді. Ол маған нағыз достар, адал жолдастар, жанкүйерлердің қолдауы және көпшіліктің ризашылығын сыйлады. Мен мұның бәрін бала кезімде армандаған да емеспін. Енді мені жаңа өмір күтіп тұр. Мен өз күшімді жаңа нәрселерге сынап көруге дайынмын. Барлық күмән мен сұрақты сейілту үшін мен бүгін спорттық мансабымды аяқтайтынымды ресми түрде жариялаймын.

Мансабымды аяқтағанда аяғымның астындағы маған таныс боз кілемнің дыбысын естіп, жанкүйерлерге алғыс айтып, қарсыластарымды, достарымды құшақтаймын деп ойладым. Бірақ, өкінішке қарай, мансабымды өзім армандағандай аяқтай алмадым. Осы жолда менімен бірге болған барлық адамға шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Маған сеніп, білім берген бапкерлерге, боз кілемде менімен болған балуандарға, массажистерге, дәрігерлерге, әкімшілерге, журналистерге, кәсіпкерлерге рахмет. Сондай-ақ әрине, мені жеңістерге жігерлендіріп, қиындықтарды жеңуге көмектескен барша жанкүйеріме ерекше алғыс айтамын», – деп жазды Санаев Instagram желісіндегі парақшасында.

Айта кетейік, Нұрислам Санаев – Тыва Республикасының (Ресей) тумасы. Оның шын аты-жөні – Артас Санаа. Спортшы 2014 жылы Қазақстан азаматтығын алып, есімін өзгерткен еді. 33 жастағы Санаев 2020 жылғы Токио Олимпиадасында 57 кг дейінгі салмақ дәрежесінде қола медаль жеңіп алды.

 Сонымен бірге ол 2018 және 2019 жылғы әлем чемпионатында күміс жүлде еншіледі. Ал, 2017 жылы Азия чемпионатында қола, 2018 жылы алтын медаль иеленген болатын.

НҰРИСЛАМ САНАЕВ СПОРТТАҒЫ МАНСАБЫН АЯҚТАДЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған