1-қазан – Халықаралық қарттар күні. Бұл мереке 1990-жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының қаулысы негізінде кең көлемде аталып келеді. Аталмыш мерекені тиісті деңгейде атап өтіп, қазыналы қарттарына құрмет көрсетуші мемлекеттер қатарында Қазақстан да бар.
Мереке қарсаңында аудан әкімі Мұрат Болатұлы жасы жүзге толған Жетісай қаласының тұрғыны Ойнобат Хангушева мен Жаңа Ауыл Ауылдық Округінің тұрғыны Урумай Байгабекова, Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің тұрғыны Кулай Серикбаеваны үйлеріне барып мерекелерімен құттықтап, сый-сыяпат жасады.
Айтулы мерекені өз деңгейінде атап өту мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, ардагерлер мен жалғызілікті қарттарға мерекелік дастархан жайылған. Концерттік бағдарламалар ұсынылып, демеушілер тарапынан тарту жасалған. «Асыл Қазына Тең Қоғам» орталығының қызмет алушы зейнеткерлеріне арнап «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты салтанатты шара ұйымдастырылған.
Сонымен қатар, қала, кент, ауылдық округтердің бәрінде салтанатты шаралар өтіп, заттай және азық-түлік түрінде сый-сыяпаттар жасалған. Спорттық жарыстар ұйымдастырылып, 237 жалғызілікті жандарға көмек көрсетілген.
Мұнан бөлек, жыл басынан бері 531 қарт «Ардагерлер үйі» мен «Мейір» ардагерлер үйіне барып денсаулықтарын жақсартып, сауығып қайтса, «Асем-ай», «Төлеген» және «Әмзе» шипажайларына 603 жолдама берілген.
Сондай-ақ, бар жастық күш-жігерін елдің дамуы мен бүгінгі ұрпақтың болашағына арнап, тәуелсіздіктің іргетасын қаласқан, шаңырағын көтерісіп, керегесін бекемдеуде өзіндік із қалдырған жандардың өткен өмірлері мен еңбек жолдарын өскелең ұрпаққа өнеге етуді мақсат ететін аудандық Ішкі Саясат Бөлімінің «Жетісай Жастар Ресурстық Орталығы» КММ басшысы Нұрлыбек Мутаевтың ұйымдастыруымен «Жас келсе іске» акциясы аясында жалғызбасты қарттар мен асыраушысы жоқ ата-әжелерге, аз қамтамасыз етілгендер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, жалғызілікті қарттарға қолұшын созу, көмек беру шаралары да жиі өткізіліп келеді.
Айта кетейік, бүгінде ауданда 16 554 зейнеткер болса, оның ішінде 1 Ұлы Отан соғысының ардагері, 354 тыл ардагері және 237 жалғызілікті қарттар бар.
МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА 100 ЖАСАҒАН ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ