Түркістан қаласының орталығындағы Фараб кітапханасының залында дәстүрлі әншілердің облыстық «Күміс көмей» өнер сайысы атап өтілді.
   Аталған мәдени шара «Сәлем саған, Түркістан» атты мәдениет және өнер фестивалі аясында облыстық мәдениет басқармасы мен Мақтаарал ауданы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырып, сайысқа барлық ауданнан жалпы саны 19 үміткер қатысты.
   Екі бөлімнен тұратын өнер сайысында дүлдүл әншілер бақ сынап, өнердің саңлақтарынан кұралған әділ қазылар алқасының шешімімен үздік деп танылған дәстүрлі әншілер қатарынан оза шауып шыққан Отырар ауданының дүлдүл әншісі Теңлібаев Шохан бас жүлде иегері болып танылды.
  Сонымен қатар, қазылар алқасының шешімімен І – орын орын иегері болып Мақтаарал ауданының өнерпазы Маржан Сұлтанбек иеленді. ІІ-орын иегерлері болып Төлеби ауданының дүлдүл әншісі Жансейіт Сүйіндікұлы мен Созақ ауданының әншісі Елдос Жүсіпов танылса, ІІІ – орын Сатыбалды Мағжан (Сарыағаш ауданы), Қуаныш Мұқатай (Түркістан қаласы), Ордабасы ауданынан Әбдіғани Әсемге бұйырды.
   Мақтаарал ауданы әкімінің арнайы жүлдесі Сайрам ауданының өнерпазы Аман Ерсінге бұйырса, Түркістан облыстық мәдениет басқармасының арнайы жүлдесі Бәйдібек ауданының дүлдүл әншісі Ұлжалғас Темірбаеваға бұйырды. «Күміс көмей» арнайы жүлдесі Қазығұрт ауданының өнерпазы Айгерім Орынбасарға табысталды.
   Атап өтер жайт, «Сәлем саған Түркістан» атты мәдениет және өнер фестивалі аясында мәдени-спорттық іс-шаралар «Күміс көмей» байқауынан бастау алып, бір апта көлемінде әр түрлі іс-шараларға жалғасып, облыс тұрғындары мен туристтердің назарына түрлі іс-шаралар ұсынылады.
«Күміс көмей» облыстық дәстүрлі әншілер байқауы өтті

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған